Алматы қаласында «Мемлекеттік тіл: жаңа ақпарат және озық тәжірибе» республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті
Ағымдағы жылғы 30 маусымда Алматы қаласында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының базасында «Мемлекеттік тіл: жаңа ақпарат және озық тәжірибе» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Конференция шеңберінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесінде дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты республикалық конкурстың қорытындысы бойынша республиканың денсаулық сақтау саласының мамандары бірнеше марапатқа ие болды.
Конференция барысында медицина саласындағы терминологиялық қорды жүйелендіру, медициналық ақпараттық жүйелердегі медициналық құжаттаманы мемлекеттік тілде әзірлеу және олардың сапасын арттыру, пациенттерге қойылатын диагноздардың мемлекеттік тілде жазылуы, аурулардың халықаралық жіктемесін басшылыққа алу, ұлттық аккредиттеу құжаттарына сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарының құжаттамасын дайындау бойынша ақпарат беру, азаматтардың тіл мәдениетін дамыту, салааралық әріптестікті нығайту мәселелері қарастырылды, сонымен қатар атқарылған іс-шаралар нәтижелері сараланып, алға жаңа міндеттер қойылды.
Іс-шараға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының, Алматы қаласы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, Алматы қаласы Тілдерді дамыту және ономастика орталығының, Жетісу облысының тілдерді дамыту басқармасының басшылығы, медициналық ЖОО-ларының профессорлары, медициналық ұйымдардың басшылары мен мамандары қатысты.
Конференция шеңберінде ағымдағы жылғы мамыр-маусым аралығында жыл сайынғы дәстүрлі денсаулық сақтау саласы мамандарының қатысуымен өткен «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты республикалық конкурс жеңімпаздары марапатталды. Мамандар жіберген материалдары бойынша бағаланып, «Даналық» төсбелгісімен м.ғ.к. доцент, ҚазҰМУ гистология кафедрасының меңгерушісі Ерғазина Марал Жүнісбекқызы, «Тіл ардагері» төсбелгісімен Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің
оқу-әдістемелік жұмыс бөлімінің әдіскері Темрешева Лариса Нағиденқызы, «Жас дарын» төсбелгісімен ҚР ДСМ бас сарапшысы Аслан Жеңісұлы, № 16 Алматы қалалық емханасының маманы Жәнтенова Замира Жарылқасынқызы, ДЗ мен МБ ұлттық сараптау орталығының маманы Құлшанов Рахат марапатталды.
Сондай-ақ көп жылғы риясыз еңбегімен тіл саясатының табысты жүзеге асырылуына қомақты үлес қосқан тұлғаларға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Аппарат басшысының атынан Алаш арысы Мағжан Бекенұлы Жұмабайдың 130 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгілері, Құрмет қағаздары мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Денсаулық сақтау министрлігінде жалпы жылдың соңына дейін республикалық және өңіраралық деңгейлерде 12 іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.






