«ГИНЕКОЛОГИЯ САЛАСЫ БОЙЫНША МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕРМИНДЕРДІ БІРІЗДЕНДІРУ» АТТЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде «Гинекология саласы бойынша медициналық терминдерді біріздендіру» атты ғылыми еңбектің тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шараға медицина және филология саласының ғалымдары, денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, дәрігерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Тұсаукесер рәсімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, жүргізушілер кітаптың маңыздылығына тоқталды. Шара барысында қазақ тіліндегі медициналық терминдерді жүйелеу мен біріздендірудің мемлекеттік тілдің ғылым тілі ретінде дамуына қосар үлесі ерекше екені атап өтілді.
Алғашқы құттықтау сөзді «ҚР ПІБ МО Ұлттық госпиталі» ШЖҚ РМК директоры, медицина ғылымдарының докторы Асхат Зинешұлы Бралов сөйлеп, кітаптың медицина саласындағы кәсіби тілді дамытудағы рөліне жоғары баға берді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтау саласындағы медициналық терминология комиссиясының төрағасы Бауыржан Шакенұлы Шакенов терминологиялық біріздендіру жұмыстарының маңызын атап өтіп, мемлекеттік тілдегі ғылыми қорды толықтыру бағытындағы еңбектің өзектілігіне тоқталды.
Кітап С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен бірлесіп дайындалған авторлық еңбек болып табылады. Іс-шара барысында университет ғалымдары мен тіл мамандары сөз сөйлеп, медициналық терминологияны қазақ тілінде жүйелеудің ғылыми маңызы жөнінде пікір алмасты.
Кітап авторларының бірі, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың гистология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Республикалық терминологиялық комиссия мүшесі Марал Жүнісбекқызы Ерғазина «Терминдерді біріздендірудегі кездескен қиындықтар мен жаңа шешімдер» тақырыбында баяндама жасап, терминологиялық жұмыстың өзекті мәселелері мен тәжірибелік шешімдеріне тоқталды.
Шараның шарықтау сәті ретінде кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. Тұсаукесер рәсіміне Асхат Зинешұлы Бралов, Бауыржан Шакенұлы Шакенов, Гүлжаһан Жұмабердіқызы Орда, Құсымжанова Жанар Мырзекенқызы және Аида Мұратқызы Қондыбаева қатысып, жаңа ғылыми еңбектің лентасын қиды.
«Гинекология саласы бойынша медициналық терминдерді біріздендіру» атты еңбек медицина мамандарына, оқытушыларға, жас дәрігерлер мен студенттерге арналған маңызды әдістемелік әрі ғылыми құрал ретінде бағалануда.
Бұл жоба — қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуетін арттыруға, медициналық терминологияны жүйелеуге және ұлттық ғылыми кеңістікті дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.