Қышыма - терінің жұқпалы ауруы. Қышымамен ересектер мен балалар, ерлер мен әйелдер жылдың кез келген уақытында, кез келген жерде ауырады. Науқас адам жазылғаннан кейін қайталап бірнеше рет жұқтыруы мүмкін.
Емделмеген жағдайда қышыма айларға, тіпті жылдарға созылады. Науқастың қышынуы түнде күшейеді. Теріде, әсіресе қолдың арасындағы қатпарларында, білектерде, іштің төменгі бөлігінде, жамбастың ішкі бетінде, жыныс мүшелерінде көпіршіктер, қанды қабыршықтар, жаралар пайда болады. Терінің қасыған жеріне іріңді инфекцияның қоздырғыштары еніп, нәтижесінде екіншілік инфекция туындайды (іріңді қабықтар, тез таралатын абсцесс). Ауырсыну сезімі жоғары болады және науқастың жұмысқа қабілеті төмендейді.
|
Қотырды арнайы паразит - қышыма кенесі тудырады. Инфекция науқаспен тікелей байланыс арқылы, сондай-ақ төсек-орын және іш киім, киім, сүлгілер, қолғаптар, ортақ төсек, жыныстық қатынас арқылы жұғады. Кене жұмсақ жиһаздарда, жұмсақ ойыншықтарда жақсы ұсталады және "иесінен"тыс 5-7 күн бойы өміршеңдігін сақтайды. |
Ұрғашы кене адамның терісіне түсіп, мүйізді қабатқа еніп, қышыма жолдарын салады. Өмірінің 6-8 аптасында ол 50 жұмыртқа салады және тіршілігі жойылған кезде теріде көптеген жас кенелер болады, олар даму циклын қайталайды, аурудың көріністерін тудырады. Емдеу - қышыма кенелерін жою үшін әртүрлі паразиттерге қарсы препараттарды (жақпа, эмульсия, аэрозоль) қолданудан тұрады. Әдетте емдеу амбулаториялық түрде жүргізіледі, ауруханаға жатқызу ауыр түрлерінде ғана қажет. Науқастар, әсіресе жатақханаларда, интернаттарда оқшаулануы тиіс. Бала-бақшалар мен мектептерге балалар толық емделгенге дейін жіберілмейді. Бір отбасындағы науқастар бір мезгілде емделеді.
Төсек жабдықтарын дезинфекциялау: сүлгілер, іш киімдер кез-келген кір жуғыш ұнтақта 10 минут қайнатылады. Сыртқы киімдер (көйлектер, костюмдер, шалбар, курткалар және т. б.) қалталарға, тігістерге, бүктемелерге назар аудара отырып, екі жағынан ыстық үтікпен үтіктеледі. Пальто, тон, былғарыдан жасалған бұйымдар 5 күн бойы ашық ауада желдетіледі. Науқас болған бөлмеде күн сайын бір пайыздық сабын - сода ерітіндісімен дымқыл тазалау қажет. Тазалаудан кейін қолдар сабынмен мұқият жуылады. Көбінесе теріге нашар күтім жасайтын, санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтамайтын адамдар қышымамен ауырады. Басқа адамдардың киімдерін, төсек-орындарын және жеке күтім заттарын пайдаланбаңыз! Егер терінің қышуы пайда болса, дереу дерматологпен кеңесіңіз.