Тағамға биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) – табиғи және (немесе) табиғи биологиялық белсенді заттар, сондай-ақ тамақпен бір мезгілде тұтынуға немесе тамақ өнімдерінің құрамына енгізуге арналған пробиотикалық микроорганизмдер.
ББҚ арнайы тамақ өнімдеріне жатады (яғни олар дәрілік зат емес) және мемлекеттік тіркеуге жатады. Өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжат – Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік болып табылады.
Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің болуын Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтында мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізілімінде тексеруге болады (https://eec.eaeunion.org).
ББҚ-ларды жарнамалау кезінде міндетті түрде келесі ақпаратты қамтуы керек: сауда атауы; құрамына кіретін белсенді компоненттер туралы мәліметтер; қолданудың негізгі көрсеткіштері; қолдану тәсілі мен дозалары; негізгі жанама әсерлері мен қарсы көрсетілімдері; балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ емшек сүтімен емізу кезеңіне қатысты ерекше нұсқаулар; жіберу шарттары; қолдануға көрнекі және түсінікті ұсыныс; Қазақстан Республикасында шағымдарды қабылдауға өндіруші уәкілеттік берген тұлғаның атауы, мекенжайы; мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нөмірі, берілген күні. Әр жағдайда жарнама өнімі дәрілік зат емес екендігі туралы ескертумен бірге жүреді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 07 шілдедегі № 360 Кодексіне, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген ББҚ-ны жарнамалауға және сатуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманың, сондай-ақ техникалық регламенттердің талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Құрметті тұтынушылар! Қазіргі уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде әлеуметтік желілерде тағамға биологиялық белсенді қоспалардың көптеген ассортиментін жарнамалап сатады. Осыған байланысты ББҚ-ларды дәріханалар, дәріхана пункттері, арнайы дүкендер мен сауда желісі арқылы сатып алуды ұсынамыз.
Сатушыдан ББҚ-на мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін талап етіңіз.