Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу, өсу кезеңі. Сонымен қатар, жазғы демалыс – балалардың жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайтып, оларды сауықтыру кезеңі болып табылады. Сол себепті, жазғы сауықтыру ұйымдары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес және балалардың денсаулығына қауіпсіз болуы қажет.
Демалысты ұйымдастырудың ең оңтайлы шешімінің бірі – балаларды балалардың сауықтыру нысандарына, яғни жазғы сауықтыру лагеріне жіберу.
Балаларды сауықтыру объектілері – ол балаларды сауықтыру, олардың демалысы кезінде жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру үшін жағдай жасайтын, 6 жастан бастап балаларды сауықтыруға арналған объектілер, сондай-ақ балалардың демалыс базалары мен орындары. Жазғы сауықтыру ұйымдары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай болуы және балалардың денсаулығы үшін қауіпсіз болуы тиіс.
Балаларды сауықтыру лагеріне қабылдау үшін қандай құжаттар қажет? Балаларды қабылдау келесі денсаулық жағдайы туралы құжат болған кезде жүзеге асырылады: «Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген 071/у нысаны бойынша «Сауықтыру лагеріне баратын оқушыға арналған медициналық анықтама» деген денсаулық жағдайы туралы құжат, инфекциялық аурулармен байланысы жоқ деген анықтама. Сонымен қатар, Жетісу облысының бас санитариялық дәрігерінің м.а. 2023 жылғы 02.05. №3 Қаулысына сәйкес, балаларды қабылдау қызылшаға қарсы иммундық статустары болған кезде жүзеге асырылады.
Балалардың демалуына арналған нысанды таңдау кезінде төмендегілерге назар аударуды ұсынамыз: Рұқсат беру құжатының – объектіге санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болуы. Лагерьдің медицина қызметкерін балада созылмалы ауруы немесе аллергиясы бар екендігі туралы, белсенді демалыс үшін қарсы көрсеткіштер туралы алдын ала ескеру: спортпен шұғылдану, су рәсімдері және т. б. Балаларға қауіпсіздік және жеке бас гигиенасын сақтау ережелерін түсіндіру.
Лагерьге бару – бұл бір жыл бойы жағымды эмоциялар бере алатын қызықты сәт екенін білу маңызды!