Әлемдегі ғалымдар бүгінгі күнге дейін COVID-19-дың адам ағзасына әсері мен аурудан кейінгі салдары бойынша тынымсыз зерттеулер жүргізуде. Көптеген дәрігерлердің бақылауы бойынша, COVID-19 ауруы ересектерге қарағанда балаларда жеңіл өтеді. Балаларда қызба, мұрынның бітелуі, тамақтың ауруы және жөтел байқалады. ЖРВИ-мен ұқсастығына байланысты, балада COVID-19-ң бар-жоғын тест жасамай анықтау өте қиын. Көптеген жағдайларда балалар арасында COVID-19 жағдайлары эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша тексеру кезінде, жоспарлы емдеуге жатқызу барысында және т. б. анықталады.
Балаға ЖРВИ-мен ауырған кезіндегідей күтім жасау маңызды. Егер балада коронавирустық инфекцияның жеңіл түрі болса, оны арнайы емдеу қажет емес. Қауіпсіздік режимін сақтап, жеңіл тамақтанып, жылы сусынды көп ішу қажет. Әдетте, құрамында С, В, D витаминдері бар жемістер мен көкөністерді тұтыну ұсынылады. Балаларда асқынулар, пневмония аз кездеседі, ауруханаға жатқызу жағдайы өте сирек туындайды. Егер балаларда аурудан кейін асқынулар пайда болса, көбінесе олар вирустың өзінен емес, дәрі-дәрмекті қолдану әсерінен болады. Бұл вирус тамырларды зақымдайтындықтан, балаларда мазасыздық, депрессия, шаршау пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар, инфекцияның салдары толығымен белгісіз: коронавирус жүйке, эндокриндік және репродуктивті жүйелерге әсер етуі мүмкін.
Нәрестелер COVID-19-бен сирек ауырады. Оларда жеңіл түрде өтіп, температура және аздаған жөтел болуы мүмкін. Бұл жағдайда көбінесе анасының иммунитетіне байланысты. Егер анасында жақсы иммунитет болса, бала өмірінің бірінші жылында оның антиденелері көптеген инфекциялардан қорғайды. Ең бастысы - бөтен адамдардың нәрестемен қарым-қатынасын азайту қажет. Бөтен адамдармен қарым-қатынаста сәбилер жиі стресс алады, бұл олардың иммунитетіне теріс әсер етеді.
Осы уақытқа дейін балалар арасында коронавирустық инфекцияның салдары туралы нақты ақпарат жоқ. Аурудан кейін балалар ағзасының күш-қуатын толықтып, дұрыс тамақтанып, белсенді демалып және балалардың жас санатына байланысты күн тәртібін сақтау керек. COVID-19 қайта жұқтырылуын болдырмау үшін барлық алдын-алу шараларын сақтай отырып, балалардың денсаулығын сақтау қажет!