«Мектептегі балалардың оқу жүктемесі қандай болуы тиіс?»
Оқу жүктемесін тиімді ұйымдастыру – білім беру сапасын арттырумен қатар, білім алушылардың денсаулығын сақтаудың маңызды тетіктерінің бірі. Оқу процесін жоспарлау кезінде олардың жас ерекшеліктері мен физиологиялық мүмкіндіктері ескеріліп, белгіленген санитариялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етілуі тиіс.
Санитариялық талаптарға сәйкес, жалпы білім беру ұйымдарында сабақтың ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Бұл ретте бірінші сынып оқушыларының жас ерекшеліктері ескеріліп, оқу жүктемесін бірте-бірте арттыру мақсатында «сатылы» оқу режимі қолданылады.
Атап айтқанда, бірінші сыныпта қыркүйек айында сабақтар 35 минуттан үш сабақ көлемінде ұйымдастырылады. Қазан айынан бастап сабақтардың ұзақтығы 45 минутқа дейін ұзартылады. Сабақ барысында оқушылардың шаршауының алдын алу мақсатында дене шынықтыру минуттары мен көзге арналған жаттығулар өткізілуі қажет.
Бірінші сынып оқушылары үшін оқу жылы ішінде қосымша бір апталық демалыс қарастырылады. Бұл балалардың оқу жүктемесіне бейімделуіне бағытталған.
Жалпы білім беру ұйымдарындағы апталық оқу жүктемесі санитариялық қағидаларда белгіленген нормативтерден аспауы керек. Сабақ кестесін әзірлеу кезінде оқушылардың жас ерекшеліктері, пәндердің күрделілік деңгейі ескеріледі.Факультативтік сабақтар міндетті сабақтардың саны барынша аз күндерге жоспарланады.
Сонымен қатар бастауыш мектепте қосарланған сабақтарды өткізуге жол берілмейді.
Сабақтар арасындағы үзілістің ұзақтығы кемінде 5 минут болуы тиіс. Ал үлкен үзіліс, яғни екінші немесе үшінші сабақтан кейінгі үзіліс 30 минут болуы керек.Бір үлкен үзілістің орнына екінші және төртінші сабақтан кейін әрқайсысы 15 минуттан екі үзіліс ұйымдастыруға да жол беріледі. Үзіліс уақытын оқушылардың таза ауада көбірек болуына және қозғалыс ойындарына мүмкіндік беретіндей ұйымдастырған жөн. Бұл балалардың сабақ арасындағы уақыт ішінде сергіп, келесі сабаққа дайындалуына ықпал етеді.
Мектепалды сыныптарда сабақтардың барынша рұқсат етілген саны төрт сабақтан аспауы тиіс. Әр сабақтың ұзақтығы 25–30 минуттан, ал сабақтар арасындағы үзіліс кемінде 10 минуттан болуы қажет.
Қазіргі таңда оқу процесінде компьютерлер, планшеттер және ноутбуктер кеңінен қолданылады. Осыған байланысты білім алушылардың бейнетерминалдармен және цифрлық құрылғылармен үздіксіз жұмыс істеу ұзақтығына да шектеулер белгіленген.Оқу сағаты ішінде цифрлық құрылғылармен үздіксіз жұмыс істеу ұзақтығы мектепалды және мектепке дейінгі топтарда (сыныптарда), сондай-ақ 1-сыныпта бұл уақыт 15 минуттан аспауы тиіс. 2–3-сыныптарда – 20 минутқа дейін, 4–8-сыныптарда – 25 минутқа дейін, ал 9–11 (12)-сыныптарда 30 минуттан аспауы қажет.
Бұл нормаларды сақтау оқушылардың көру мүшелеріне түсетін жүктемені азайтуға және оқу процесін қауіпсіз ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Сабақтың ұзақтығын, апталық оқу жүктемесін, үзілістерді, цифрлық құрылғыларды пайдалану уақытын белгіленген нормаларға сәйкес сақтау оқушылардың оқу процесіндегі шамадан тыс шаршауының алдын алуға бағытталған.