Қызылшаны жоюдың негізгі жолы – вакцинация
Қызылша – таралу қабілеті өте жоғары, контагиоздылығы жоғары вирустық инфекциялардың бірі. Қауіпсіз әрі тиімді вакцина болғанына қарамастан, бұл ауру әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да тіркеліп келеді. Қызылшаның алдын алудың және оны жоюға қол жеткізудің ең сенімді жолы – халықты вакцинациямен жоғары деңгейде қамту.
2023 жылы Қазақстанда қызылша ауруының жаппай таралуы тіркелді. Ауруға 10 мыңнан астам адам шалдықты, олардың басым бөлігін балалар құрады. Бұл жағдай вакцинациямен қамту деңгейінің төмендеуі инфекцияның кең таралуына әкелетінін айқын көрсетті.
Өкінішке қарай, бұл мәселе бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Биылғы жылдың басынан бері Астана қаласында қызылшаның 1699 жағдайы тіркелді. Ауруға шалдыққандардың шамамен 80%-ы түрлі себептермен вакцина алмаған адамдар. Олардың қатарында ата-анасының вакцинадан бас тартуы, медициналық қарсы көрсетілімдердің болуы немесе профилактикалық егулердің белгіленген мерзімде жүргізілмеуі себеп болған жағдайлар бар. Бұл деректер иммунитеттің болмауы инфекцияның таралуындағы негізгі қауіп факторы екенін дәлелдейді.
Қызылшаның жаппай таралуы үшін үш негізгі жағдай қажет: инфекция көзі, вирустың берілу механизмі және ауруға бейім, яғни иммунитеті жоқ адамдардың болуы. Егер халықтың басым бөлігі вакцинамен қорғалған болса, вирус еркін тарала алмайды, нәтижесінде жаппай сырқаттанушылықтың алдын алуға мүмкіндік туады. Сондықтан вакцинация қызылшаны жоюдың негізгі құралы болып табылады.
Мамандардың мәліметінше, қызылша ауруының басым бөлігі вакцина алмаған адамдар арасында тіркеледі. Бұл әлемдік тәжірибемен де дәлелденген: вакцинациямен қамту деңгейі неғұрлым жоғары болса, аурудың таралу қаупі мен оның ауыр асқынуларының қаупі соғұрлым төмен болады.
Құрметті ата-аналар! Сіздің қабылдайтын шешіміңіз тек өз балаңыздың ғана емес, айналаңыздағы адамдардың да денсаулығына әсер етеді. Медициналық қарсы көрсетілімдер болмаса да вакцинациядан бас тарту балаңыздың аурудың ауыр түріне шалдығу қаупін арттырып қана қоймай, инфекцияның одан әрі таралуына да ықпал етеді.
Вакцинация – қызылшадан қорғанудың ғылыми тұрғыдан дәлелденген, қауіпсіз әрі тиімді әдісі. Балаңызға екпе жасату – оның денсаулығын қорғау, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызылшаны жою мақсатына қол жеткізу жолындағы маңызды қадам.