В вирустық В және С гепатиттерінің профилактикасы
Вирустық В және С гепатиттері – зақымдалған тері жабындылары мен шырышты қабаттар арқылы жұғатын инфекциялық аурулар. Олар кеңінен таралған аурулардың қатарына жатады және адам инфекциялық патологиясының жетекші орындарының бірін алады. Инфекция көзі – аурудың жедел немесе созылмалы түрімен ауыратын науқас немесе вирус тасымалдаушы адам.
Вирустың әртүрлі биологиялық бөлінділермен (қан, сілекей, несеп, тер, өт, жас, емшек сүті, шәует) бөлінуі инфекцияның берілу жолдарының көптүрлілігін анықтайды. Алайда эпидемиологиялық тұрғыдан нақты қауіп тудыратын биологиялық сұйықтықтарға қан, шәует және, мүмкін, сілекей жатады, өйткені басқа биологиялық сұйықтықтардағы вирустың концентрациясы өте төмен.
Аурудың негізгі белгілері: әлсіздік және тез шаршау, тәбеттің төмендеуі, оң жақ қабырға астындағы ауырсыну, жүрек айнуы, кейде құсу, буындар мен бұлшықеттердің ауыруы, тері мен көздің ақ қабығының сарғаюы, зәрдің күңгірттенуі және нәжістің түссізденуі.
Вирустық В және С гепатиттерінің эпидемиялық процесіне негізінен еңбекке қабілетті жастағы халық тартылады. Ауруға шалдыққандар арасында 20–40 жастағы адамдар басым, олардың үлесі барлық тіркелген жағдайлардың шамамен 64%-ын құрайды.
Жас ерекшеліктері бойынша мұндай бөлініс вирустардың берілу жолдарының ерекшеліктеріне байланысты. Қауіп факторларының құрылымында жыныстық жолмен берілу, қан мен оның компоненттерін, оның ішінде плазманы, қан ұю факторларының препараттарын, альбуминді, иммуноглобулиндерді бірнеше рет құю, сондай-ақ ауқымды медициналық араласулар, ағзаларды трансплантациялау және бірнеше рет парентералдық манипуляциялар жүргізу маңызды орын алады.
Стерильді емес медициналық құралдарды пайдалану, оның ішінде шприцтер мен инелерді қайта қолдану ерекше эпидемиологиялық қауіп төндіреді, себебі бұл В және С вирустық гепатиттерінің қан арқылы берілу қаупін арттырады.
Инфекцияның табиғи берілу механизмдерінен жанасу (жыныстық) жолы, сондай-ақ вируспен ластанған әртүрлі тұрмыстық заттар (ұстара, тіс щеткасы, сүлгі және т.б.) арқылы берілу жолы іске асырылады. Қоздырғыш тері мен шырышты қабаттардың микрожарақаттары арқылы организмге енген жағдайда инфекция жұғуы мүмкін.
Жұқтыру татуировка жасау, құлақ сырғалығын тесу және басқа да парентералдық манипуляциялар кезінде де болуы мүмкін. Қоздырғыштың вертикальды жолмен берілуі де ықтимал. Әдетте жұқтыру босану кезінде орын алады.
В гепатитінің берілу жолдарының көптүрлілігін және инфекция көздерінің көп болуын ескере отырып, осы аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация. Вакцинация жаңа туған нәрестелердегі В гепатитінің профилактикасының жалғыз тиімді әдісі болып табылады. Бұл – бауыр обырының алдын алуға мүмкіндік беретін алғашқы вакцина.
Әлемнің 160-тан астам елі вакцинация бағдарламаларына жаңа туған нәрестелер мен жасөспірімдерді В гепатитіне қарсы иммундауды енгізген. Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде балаларды иммундаудың кеңейтілген бағдарламасы шеңберінде В гепатитіне қарсы вакцинация жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес «В» вирустық гепатитіне қарсы вакцинация 3 екпеден тұрады, оларды балалар 1 жасқа дейін алады. Бірінші екпені бала туған күні, перзентханада алуы тиіс. Қазақстанда тұратын балалар кейінгі 2 екпені туғаннан кейінгі 2 және 4 айында алады.
Ал Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 26 мамырдағы № ҚР ДСМ-44 бұйрығымен бекітілген «Вирустық гепатиттер мен АИТВ инфекциясы бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес ВГВ ошақтарындағы байланыста болған адамдарға жыныстық және тұрмыстық жолмен берілуінің алдын алу мақсатында ВГВ маркерлеріне алдын ала теріс нәтиже алынғаннан кейін 15 жастан асқан адамдарға және медицина қызметкерлеріне 0–1–6 сызбасы бойынша вакцинация жүргізіледі.
С вирустық гепатитіне қарсы вакцина әзірленбеген. Сондықтан профилактикалық мақсатта татуировка немесе пирсинг жасатпас бұрын жақсылап ойланыңыз, өйткені құрамында жұқтырылған қан болуы мүмкін ине арқылы инфекция жұғуы ықтимал.
Шебер қолын мұқият жуып, бір рет қолданылатын қолғаптармен жұмыс істеуі және стерильді немесе бір рет қолданылатын құралдарды пайдалануы тиіс.
Ретсіз жыныстық қатынастардан аулақ болыңыз, барьерлік қорғану әдістерін, соның ішінде презервативті пайдаланыңыз.
Ешқашан басқа адамдардың ұстарасын, қырыну құралдарын, тіс щеткасын және қан жұғуы мүмкін кез келген жеке заттарын пайдаланбаңыз және өз заттарыңызды басқа адамдармен ортақ пайдаланбаңыз.
Егер сіз медициналық мекемеге немесе стоматологиялық кабинетке жүгінсеңіз, ықтимал қауіпті барлық медициналық манипуляциялардың тек бір рет қолданылатын құралдармен жүргізілуіне назар аударыңыз.
Егер сіз медицина қызметкері болсаңыз, қауіпсіздік техникасын, әсіресе кез келген өткір құралдармен жұмыс істеу кезінде, әрдайым сақтауыңыз қажет. Сонымен қатар «В» гепатитіне қарсы вакцинацияның толық курсын (3 доза) алуыңыз керек.
Есте сақтаңыз! Денсаулығыңыз – өз қолыңызда!