Эпидемиологиялық сипаттамасы және аса қауіпті инфекциялардың алдын алу
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2026 жылғы 30 сәуірдегі деректері бойынша әлемде тырысқақ, оба, күйдіргі, туляремия, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, Ласса қызбасы, Денге, Чикунгунья, сары қызба, маймыл шешегі, хантавирустық инфекция және басқа да аса қауіпті инфекциялар (бұдан әрі – АҚИ) тіркелуде.
Аса қауіпті инфекциялар – кенеттен пайда болып, қысқа мерзім ішінде халықтың көп бөлігін қамтып, тез таралатын өте жұқпалы аурулар. АҚИ ауыр клиникалық ағымымен және өлім-жітім деңгейінің жоғары болуымен сипатталады.
Астана қаласының аса қауіпті инфекциялар бойынша қолайсыз елдерге шығатын тұрғындары инфекциялық аурулардың елге әкелінуі мен таралуын болдырмау үшін аурулардың негізгі берілу жолдары мен алдын алу шараларын білуі қажет.
Тырысқақ – соңғы жылдары әлемде тырысқақ ауруы мен оның өршуі тіркелетін елдер саны артып келеді. 2026 жылдың 4 айында әлемде тырысқақтың 69 986 жағдайы тіркеліп, оның 850-і өліммен аяқталған, оның ішінде Азияның 5 елінде, Африканың 16 елінде және Америкада анықталған.
Инкубациялық (жасырын) кезеңі бірнеше сағаттан 5 күнге дейін созылады. Тырысқақ қоздырғыштары – вибриондар адам ағзасына лас су мен тағам арқылы ауыз қуысы арқылы енеді.
Инфекцияның негізгі таралу жолы – науқастың нәжісімен ластанған су. Су қоймаларынан тырысқақ қоздырғышы адам ағзасына шомылу кезінде суды жұту арқылы, лас сумен жуылған ыдыс, көкөніс пен жемістер арқылы түсуі мүмкін. Сондай-ақ тасымалдау, дайындау және сақтау барысында ластанған тағам өнімдері қауіп факторы болып табылады.
Тырысқақтың негізгі белгілері – іш өту мен құсу, олар ағзаның сусыздануына алып келеді, бұл адам өміріне аса қауіпті. Тырысқаққа тән белгілер (жүрек айну, құсу, сұйық нәжіс, бас ауруы, бас айналу) пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажет. Өзін-өзі емдеу жағдайды ауырлатып, қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.
Алдын алу шаралары – жеке бас гигиенасын сақтау, тамақтанар алдында қол жуу, тек қауіпсіз су мен сусындарды пайдалану (қайнатылған су, зауыттық қаптамадағы ауызсу мен сусындар), көкөніс пен жемістерді тек қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен жуу, тек арнайы рұқсат етілген бассейндер мен су айдындарында шомылу.
Оба – аса қауіпті инфекциялар тобына жататын жедел жұқпалы аурулардың бірі. Обаның табиғи ошақтары Австралия мен Антарктидадан басқа барлық құрлықтарда кездеседі. 2026 жылдың 4 айында әлемде 1 жағдай тіркеліп, өлім жағдайы болмаған.
Обамен жануарлар да, адамдар да ауырады. Оба қоздырғышы табиғатта тұрақты сақталады. Негізгі тасымалдаушылар – кеміргіштер. Оба қоздырғышын кеміргіштерде паразиттік тіршілік ететін бүргелер таратады.
Жұғу механизмі – вирус адамға жұқтырылған бүргелер шаққанда немесе жұқтырған кеміргіштермен байланыс кезінде, сондай-ақ өкпелік обамен ауырған адамнан сау адамға ауа-тамшы жолымен беріледі.
Инкубациялық кезең – бірнеше сағаттан 6 күнге дейін.
Алдын алу – бүрге шағуынан және кеміргіштермен жанасудан сақтану. Дене қызуының көтерілуі, қалтырау, қатты бас ауруы, тыныс алудың қиындауы, қан аралас жөтел сияқты белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралу қажет.
Күйдіргі – 2026 жылдың 4 айында әлемнің 4 елінде 62 жағдай тіркеліп, оның 4-і өліммен аяқталған. Қазақстанда 3 жағдай тіркеліп, барлығы сауығып шыққан. Бұл – адам мен жануарлар арасында кездесетін аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Күйдіргі қоздырғышы қоршаған ортада өте төзімді, топырақта жүздеген жыл сақталуы мүмкін.
Инфекция көзі – ірі және ұсақ мүйізді мал, жылқы, есек, қой, ешкі, түйе, бұғы.
Күйдіргі жұқтыру жолдары:– ауру жануарларды сою, терісін өңдеу, етін бұзу кезінде;– жеткілікті термиялық өңделмеген ет пен сүтті тұтыну кезінде;– спорасы бар шаңды жұту арқылы.
Аурудың терілік түрінде алғашында қышыну пайда болып, кейін іріңді дақ қара қабыршақты жараға айналады. Дене қызуы 39–40°С дейін көтеріледі, әлсіздік, бас ауруы байқалады. Өкпелік түрінде кеуде ауырып, ентігу, қақырық бөліну байқалады. Ішектік түрінде іштің қатты ауыруы, қан аралас нәжіс болады. Инкубациялық кезеңі – 2–7 күн.
Алдын алу – ауру жануарлармен байланыстан сақтану, етті рұқсат етілмеген орындардан сатып алмау.
Ласса қызбасы – 2026 жылдың 4 айында Нигерияда 3564 жағдай тіркеліп, оның 160-ы өліммен аяқталған.
Бұл – аса қауіпті вирустық геморрагиялық қызбалар тобына жататын жедел табиғи-ошақты ауру.
Инкубациялық кезеңі – 3-тен 21 күнге дейін.
Ауруға жоғары температура, әлсіздік, бас және бұлшықет ауруы, тамақтың, кеуденің, іштің ауруы, жөтел, жүрек айну, құсу, диарея, қан кетулер, ісіну тән. Ауыр жағдайларда шок пен көп ағзалық жеткіліксіздік дамиды.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – 2026 жылдың 4 айында әлемнің 5 елінде 7 жағдай тіркеліп, өлім жағдайы болмаған. Қазақстанда Шымкент қаласы, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстары қолайсыз аймақтарға жатады, 1 жағдай тіркелген.
Инфекция көзі – ірі және ұсақ мал, кеміргіштер, жабайы жануарлар.
Жұғу жолы – кене шағуы немесе ауру жануарлардың қаны мен тіндерімен байланыс.
Инкубациялық кезеңі – 2–14 күн.
Ауру дене қызуының көтерілуімен, қан кетулермен, терідегі ұсақ қанталаулармен сипатталады.
Алдын алу – кене шағуынан қорғану, шаққан жағдайда медициналық көмекке жүгіну.
Денге қызбасы – ыстық елдерде кездесетін, масалар арқылы таралатын жедел вирустық инфекция. 2026 жылдың 4 айында Америка, Азия, Африка, Еуропа, Австралия және Мұхит аралдарында 778 063 жағдай тіркеліп, 276 адам қайтыс болған. Тасымалдаушысы – масалар. Белгілері – дене қызуының көтерілуі, қалтырау, буын және омыртқа ауруы, бас ауруы, бөртпе. Алдын алу – масалармен күрес жүргізу.
Чикунгунья қызбасы – әлемнің 27 елінде 80 984 жағдай тіркеліп, 24 адам қайтыс болған. Алғашқы белгілері жұқтырған маса шаққаннан кейін 2–7 күннен соң пайда болады: дене қызуының күрт көтерілуі, қатты әлсіздік, буындардың ауыруы, бұлшықет ауруы, бас ауруы, қалтырау, жарыққа сезімталдық, тері бөртпесі, жүрек айну. Алдын алу: репеллент қолдану, ұзын жеңді киім кию, москит торларын пайдалану, су жиналатын орындарды жою.
Маймыл шешегі – 2026 жылдың 4 айында әлемнің 51 елінде 4322 жаңа жағдай тіркелген. Бұл – маймыл шешегі вирусынан туындайтын жұқпалы ауру. Вирус адамға жануарлардан және адамнан адамға беріледі. Инкубациялық кезеңі – 5-тен 21 күнге дейін. Белгілері: қызба, тамақ ауруы, бас және бұлшықет ауруы, әлсіздік, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, терідегі бөртпе мен күлдіреуік. Алдын алу – жабайы жануарлармен және науқас адамдармен байланыстан сақтану.
Хантавирустар – әлемнің 4 елінде 557 жағдай тіркеліп, 20 өлім жағдайы анықталған. Қазақстанда 3 жағдай тіркелген.
Хантавирустар түрлі ауыр ауруларды тудырады. Қоздырғыштар адамға тышқан мен егеуқұйрық сияқты кеміргіштер арқылы беріледі. Алғашқы белгілер жұқтырғаннан кейін 2–4 аптадан соң пайда болады: қызба, бас ауруы, іш және бел ауруы, жүрек айну, диарея, бас айналу, көрудің бұзылуы. Кей жағдайда көздің конъюнктивасында және теріде қан құйылулар болуы мүмкін. Анықтама: Мамыр айының басында MV Hondius круиздік кемесінде хантавирустың өршуі тіркеліп, үш адам қайтыс болды. Мамандар Andes orthohantavirus (ANDV) штаммына ерекше назар аударуда, себебі ол адамнан адамға тығыз әрі ұзақ байланыс кезінде берілуі мүмкін.
Аса қауіпті инфекциялардың алдын алу мақсатында инфекциялық жағдайы қолайсыз елдерде белгіленген шектеу шараларын қатаң сақтау қажет.