Балабақша үй-жайларын санитариялық күтіп-ұстауға қойылатын талаптар
Балабақшаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 9 шілдедегі № ҚР ДСМ-59 «Мектепке дейінгі ұйымдар мен балалар үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидалармен реттеледі.
Осы санитариялық қағидалар объектінің құрылысын салуға арналған жер учаскесін таңдауға, жобалауға, реконструкциялауға, пайдалануға, сумен жабдықтауға, суды бұруға, жылумен жабдықтауға, жарықтандыруға, желдетуге, ауа баптауға, жөндеу және күтіп ұстауға, тәрбиелеу және оқыту жағдайларына, тұруға, тамақтану жағдайларына, өндірістік бақылауға, персоналдың еңбек және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларына, балаларға медициналық қызмет көрсетуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.
Ғимарат қажетті инженерлік және санитариялық-техникалық жүйелермен, соның ішінде сумен жабдықтау және су бұру, жылумен қамтамасыз ету, табиғи және жасанды жарықтандыру, сондай-ақ желдету және ауа баптау жүйелерімен жабдықталуы тиіс.
Объектілердің барлық үй-жайларында табиғи жарықтандыру көзделеді. Мыналарды: коммуникациялық жүйелер үй-жайларына (су құбырлары мен кәріз сорғылары, желдету және ауа баптау камералары, бойлер бөлмелері), рекреациялық үй-жайлар болып табылмайтын дәліздерге, фойеге, қоймаларға, мүкәммал тұратын орындарға, дезинфекциялау құралдарын дайындайтын бөлмелерге, киім шешетін бөлмелерге, киім ілетін орындарға, себезгі бөлмелеріне, дәретханаларға, ғимараттың инженерлік және технологиялық жабдығын орнату және басқару үй-жайларына және ас блогының өндірістік үй-жайларына табиғи жарықтандырусыз жол беріледі. Топтық және оқу үй-жайларында терезе әйнектерін бояуға жол берілмейді.
Балабақшаның барлық үй-жайлары күнделікті желдетілуі тиіс. Өтпелі немесе бұрыштан желдету балалар болмаған кезде жүргізіледі. Өтпелі желдету дәретхана үй-жайлары арқылы өткізілмейді. Терезелерде, желдету үшін ашылатын желкөздерде, фрамугаларда москит торлары және қорғаныш құлыптары орнатылады.
Объектілерде оңтайлы микроклиматтық жағдайлар жасалады. Топтық бөлмелерде, душ жанындағы киім ауыстыратын бөлмелерде, спорт залында және медициналық пункт үй-жайларында ауа температурасын бақылау үшін қабырғаға 0,8–1,2 м биіктікте бекітілген термометрлер орнатылады.
Барлық үй-жайлар мен жабдықтар таза ұсталуы тиіс. Медициналық үй-жайлар, ас блогы және дәретханалар күнделікті дезинфекциялық құралдарды қолдану арқылы тазаланады. Дәретханаларда едендер, есік тұтқалары, кран тұтқалары, раковиналар мен унитаздар күнделікті дезинфекцияланады.
Ылғалды режимде жұмыс істейтін үй-жайларда (медициналық мақсаттағы, ас блогы, санитариялық тораптар, кір жуатын және жуу бөлмелері) қабырғалар кемінде 1,5 м биіктікке дейін, ал душ бөлмелерінде кемінде 1,8 м биіктікке дейін плиткамен немесе ылғалды тәсілмен тазалауға мүмкіндік беретін өзге де материалдармен қапталады, жуғыш және дезинфекциялық құралдарды қолдануға жол беріледі.
Бөбек жастағы топтарда және медициналық мақсаттағы үй-жайларда жұмсақ ойыншықтар мен пенолатексті түкті ойыншықтар пайдаланылмайды.
Объектілердің жатын бөлмелерін жеке стационарлық кереуеттермен жабдықтайды.
Үй-жайлардағы еден ағаш тақтаймен немесе паркетпен жабылады. Барлық үй-жайлардағы еденнің беті тегіс, саңылаусыз, ақаусыз және механикалық зақымданбаған болуы тиіс.
Сондай-ақ, әр балаға шаққандағы үй-жай ауданы нормаларын сақтау қажет. Топтық үй-жайлардың құрамы мен аудандары осы санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес болуы тиіс.
Санитариялық қағидаларды сақтау санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету, аурулардың алдын алу, сондай-ақ балалар үшін қауіпсіз және жайлы орта құру үшін өте маңызды.