
Дәрумендердің адам өмірінде маңызы зор. Адам ағзасы дәрумендерді табиғи түрде тағамнан алады. Ағзада көптеген суда еритін дәрумендердің «қоры» болмайды, осыған байланысты қажетті деңгейді толтыру үшін олардың тағаммен үнемі күн сайын түсуін қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты рационды құру кезінде барынша әртүрлілікке ұмтылу және оның құрамына өнімдердің барлық топтарын қосу қажет. Бұл ретте азық-түліктің сапасына, оларды сақтау кезінде дәрумендердің азаюына, дайындау және өңдеу технологиясына, сонымен қатар сол немесе өзге де өнімдерден дәрумендердің сіңу дәрежесіне назар аудару қажет.
Қазіргі заманда көптеген адамдар тамақтану рационы жағынан көмірсу және май құрамды өнімдерге бет бұрған, олардың тамақтануында ұннан жасалған, қуырылған тағамдар, тәтті газдалған сусындар басым, бұдан басқа гиподинамиямен бірге жүретін әдеттер (компьютер және смартфонда ұзақ уақыт отыру) бар. Құнарсыз тамақтану ағзада дәрумендер тапшылығының туындауына ықпал етеді. Дәрумен жетіспеушілігі – бұл ағзаның дәрумендермен аз қамтамасыз етілуінен туындаған жағдай. Ауырлығына байланысты авитаминоз, гиповитаминоз, ағзаның дәрумендермен субнормалдық қамтамасыз ету деп атайды.
Д дәрумені (эргокальциферол Д2, холекальциферол Д3)– майда еритін дәрумен. Ағзада кальций мен фосфордың сіңірілуін, олардың қандағы деңгейін және тіс пен сүйек ұлпасына түсуін реттейді. Балалар ағзасында Д дәруменінің жетіспеушілігі емізулі және ерте жастағы балалардың ағзасындағы фосфор-кальций алмасу процесінің бұзылысымен сипатталатын рахит ауруына шалдықтырады. Д дәрумені жануартекті өнімдердің ішінде сары майда, ірімшікте, басқа да сүт өнімдерінде, жұмыртқа сарыуызында, балық майында, уылдырықта кездеседі. Өсімдіктекті өнімдердің ішінде күнбағыс дәні, ақжелкен, қырықбуын, қалақай Д дәруменіне бай.
Балада дәрумен жетіспеушілігінің алдын алу сапалы тамақ өнімдерімен толыққанды үйлестірілген рационды қамтамасыз етуге, сондай-ақ күндіз таза ауада серуендеуге бағытталуы тиіс. Денсаулықта қандай да бір ауытқулар анықталған жағдайда дәрігерге қаралу қажет.