Эхинококкоздың алдын алу

Эхинококкоздың алдын алу
Эхинококкоз – паразиттер, атап айтқанда эхинкокк тұқымдамасының таспа құрттары қоздыратын зооноз. 2-7 мм өлшемді паразит негізінен иттердің денесінде өмір сүреді және сыртқы ортаны ластап инфекцияны таратады. Адамның негізгі санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтамау салдарынан инфекцияны жұқтыру ықтималдығы жоғары, себебі, адамдар ластанған тағам, су немесе топырақта болатын паразиттердің жұмыртқаларын жұту арқылы немесе паразиттің жануар иелерімен тікелей қатынаста болу арқылы жұқтырады. Ауру адам – қоршаған ортаға зиянсыз. Адамдарда аурудың негізгі екі түрі – кисталық эхинококкоз (гидатидоз) және альвеолярлы эхинококкоз кездеседі. Эхинококкоздың қоздырғыштары адамның кез келген мүшесіне, әсіресе бауыр мен өкпеге әсер етуі мүмкін. Эхинококкоз ауруы клиникалық, рентгенологиялық және зертханалық жолмен анықталады. Аурудың белгілері патологияның сатысына және гидатидті кистаның локализациясына байланысты. Жасырын кезең науқастарда көрінетін белгілерсіз бірнеше жылға созылуы мүмкін. Процесс үдемелі өсу кезеңінде науқастар кистаның орналасу орны бойынша ауырсынуға, жалпы әлсіздікке, терінің қышуына шағымданады, патологиялық үрдіс кистаның жарылуымен қиындауы мүмкін, соның салдарынан перитонит немесе плеврит дамуы мүмкін.
Эхинококкоздың алдын алу бойынша жұмыс тек медициналық мекемелерде ғана емес, ең алдымен ветеринарлық қызметтерге де қатысты. Олар иесіз иттермен күресті күшейтіп, иттерді жылына 4 рет дегельминтизациялау керек. Бұл індетпен халықпен бірлесе күресу арқылы ғана айтарлықтай жетістікке жетуге болады.
Эхинококкоз әлеуметтік-экономикалық және медициналық-ветеринарлық мәселе болып табылады: бұл инвазия денсаулық пен ауыл шаруашылығы үшін жоғары маңызға ие, денсаулықты және еңбекке қабілеттілікті жоғалтуға, айтарлықтай бөлігі созылмалы түрге ауысуына байланысты мүгедектікке, ал дамыған жағдайларда тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
♻️Алдын алу мақсатында келесі шараларды қолдануды ұсынамыз:
-үй жануарларымен, әсіресе иттермен байланыста болған жағдайда міндетті түрде қолыңызды сабынмен жуыңыз;
-аулаларды және иттерге арналған аумақтарды санитарлық таза ұстау;
-иттерге эхинококкозбен ауырған үй жануарларының етін, оның ішінде ішкі органдарын беруге қатаң тыйым салынады, өйткені бұл тағам арқылы инфекция итке беріледі;
-жеке иелігіңізде иттер болған жағдайда иттерді есепке алып, тоқсан сайын дәрілеу керек;
-ауырған итті дер кезінде анықтап, емдету;
-жаңа піскен көкөністер мен жемістерді мұқият жуыңыз;
- асхана ыдыстарын мұқият ұстаңыз.
Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ең бастысы осы шараларды қолдана отырып өзіңізді және жақындарыңызды сақтауды ұсынады !