
Қимыл тапшылығының зияны
Дене жаттығулары – емдік гимнастиканың басты құралы. Адам өмірінде маңызды рөл атқаратын бұлшық еттердің қызметі осыған негізделген. Организм біртұтас дүние екенін барлығымыз білеміз, ішкі ағзалар мен сыртқы бұлшық еттер тығыз байланыста болса, жоғарғы жүйке жүйесі бәрін қадағалап отырады. Сондықтан қимыл – қозғалыстың тапшылығы (гиподинамия) әртүрлі аурудың пайда болуына әкеледі.
Қазіргі ғылыми – техника жетістігі адамдарды ауыр жұмыстан, қарапайым үй тіршілігіндегі қимыл – қозғалыстан (шөп шабу, отын жару, кір жуу т.б.) қол үздіріп отыр. Өндірісті автоматтандырудың және шаруашылықты механикаландырудың кеңінен орын алуы адамдардың ой еңбегінің артуына, дене еңбегінің кемуіне душар етті. Күнделікті өмірде транспорттың көбейуі, лифттің пайда болуы және теледидар алдында ұзақ уақыт қозғалыссыз отыру да организмге зиянды әсер етеді. Адамның аз қимылдауы – бұлшық еттердің дәрменсіз қалуы, қан айналысының нашарлауы, ішкі ағзалардың қызметі төмендеп, зат алмасуы бұзылады деген сөз. Қимыл қозғалыстың тапшылығынан жүйке-тамырға, жүрекке айтарлықтай күш түседі.
Қимыл қозғалыстың тапшылығынан қан айналымы әлсіреп, жүрек-тамыр аурулары байқалады, буындардың қозғалысы кеміп, омыртқалар арасындағы шеміршек жұқарып, семіп, остеохондроз және т.б. ауруларға шалдығуға мәжбүр етеді. Қимыл – қозғалыс кемшілігінің денеге әсер етпейтін жері жоқ. Аз қозғалыстың салдарынан жоғарғы реттеуші орталық, ішкі ағзалар, шеткері орналасқан қан тамырлары, сүйек буындары т.б. көптеген өзгеріске ұшырайды. Адамның жұмысқа деген қабілеті төмендеп, өзін қоршаған ортаға бейімделу қасиеті кеміп, «тіршілік жүйесі» әлеуметтік және биологиялық құбылыстарға төтеп бере алмай қалады. Гиподинамия (қимылдың кемдігі) ең алдымен ми қыртысын зақымдайды. Оның себебі әрбір қимыл – қозғалыстан бастап, өте күрделі гимнастикалық жаттығуларға дейін, барлығы тек жоғары реттеуші орталықтың бақылауымен ғана орындалады. Сондықтан ми және бұлшық еттер, буындардың қимыл – қозғалысы бір – бірімен тығыз байланыста.
Қимыл – қозғалысты аз мөлшерде ғана қысқартқанның өзі денеде айтарлықтай өзгеріс тудырады. Мәселең, бұлшық еттің солуы, жүректің жйырылу күшінің кемуі, ішкі ағзалар қызметінің нашарлауы т.б. сияқты құбылыстар байқалады.
Қимылдың тапшылығынан басқа да толып жатқан сырқаттарды аңғаруға болады. Ол – қазіргі кезде жиі кездесіп жүрген ғасыр ауруы деп аталатын остеохондроз. Бұл омыртқааралық шеміршектің мүжіліп тозуы, жұқаруы.
Қимыл-қозғалыстың тапшылығынан пайда болатын аурудың бірі – семіздік. Ол адам бойындағы артық салмақ. Қазіргі медицинаның дәлелдеуі бойынша, семіздік денсаулықты құртады, өмірді қысқартады. Семіздіктің салдарынан адамдар қантты диабет, бауыр, өт жолдары, жүрек-қантамыр ауруларына жиі шалдығады. Әсіресе семіздік қан қысымының жоғарылауына себепші.
Қорыта айтқанда, гиподинамия салдарынан көп ауруларға шалдығатынымыз белгілі болды. Оған ықпал жасайтын адамның өзі. Қимыл-козғалыс тапшы болса, организмде тұрып қалған зиянды заттар да сыртқа шықпай жасушаларды, жалпы адамды тез қартайтады.
Сондықтан да, Абай облысының санитариялық – эпидемиологиялық бақылай департаменті баршанызды емдік гимнастикамен, дене тәрбиесімен, дене шынықтырумен, жүзумен айналысуға шақырады және табиғат аясында көбірек дем алуды ұсынады.