Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармалары өнімдерді бақылау мақсатында сатып алу аясында ағымдағы жылдың 9 айында 751 өнім сынамаларын зерттеді. Жалпы зерттелген 751 өнімнің 143-нен (немесе 19,04%) Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкессіздік фактілері анықталды. Бұл ретте, өндірістік емес тауарларға қатысты сәйкессіздік көрсеткіші жоғары – сатып алынған 288 өндірістік емес тауарлардың 116-ы, 463 азық-түлік өнімінің 27 сынамасы нормативтік актілердің талаптарына сай емес.
Бақылау мақсатында сатып алу нәтижелері бойынша өнімнің сапасына қойылатын талаптардың бұзылу жағдайларының 98,6%-ы өнімді таңбалау талаптарының сақталмауына, 0,7%-ы тұтынушыларды алдауға, ал 0,7%-ы өнімнің физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты екені анықталды.
Талаптарға сәйкес келмейтін өнімдер сатылымнан алынып, жедел ден қою шаралары қабылданды. Атап айтқанда, дүкен сөрелерінен 1,2 кг макарон өнімдері, 5,34 кг басқа тағам өнімдері, 113,76 кг консервіленген жеміс-көкөніс өнімдері, 53,2 кг кондитерлік өнімдер, 106,4 кг тамақ өнімдерімен жанасатын материалдар, бұйымдар мен жабдықтар, 3,3 кг сүт өнімдері және 1,0 кг балалар ойыншықтары алынып, жеткізушілерге кері қайтарылды. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарының бұзылуына әкеп соқтырған мән-жайлар, себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында көтерме және бөлшек сауда қызметін жүзеге асыратын 33 кәсіпкерлік субъектілеріне тергеп-тексеру жүргізіліп, 1 кәсіпкерлік субъектісіне 22,5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл тексерулер сапасыз өнімдердің жеткізілу тізбегін, бұзушылықтардың қандай жағдайда орын алғанын анықтауға бағытталған.
Департамент дүкен сөрелерінен өнімдерді таңдау кезінде бірінші кезекте тауардың таңбалануына мән беруді ұсынады.
Таңбалауда өнімнің атауы, дайындалған күні, шарттары мен сақтау мерзімдері, құрамы, тағамдық қасиеттері мен ерекшеліктері және өндіруші туралы мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпарат көрсетілуі қажет.
Сондай-ақ, ЕАС белгісімен таңбаланған өнім Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін расталып, барлық қажетті зертханалық сынақтардан өткенін көрсетеді.
Тауарды сатып алмас бұрын сатушыдан декларация, сәйкестік туралы сертификат, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік сияқты тауардың сәйкестігін растайтын құжаттарды талап етуге құқылы екеніңізді хабарлаймыз.