
«Атамекен» БҚО Кәсіпкерлер палатасы ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің БҚО бойынша департаментімен бірлесіп 2024 жылғы 19 наурызда өз алаңында дәрілік заттардың цифрлық таңбалануын түсіндіру бойынша бейнеконференция ұйымдастырды.
Бейнеконференцияға БҚО фармацевтикалық және медициналық ұйымдарының фармацевтері/провизорлары қатысты.
2022 жылғы 25 маусымда күшіне енген «Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін айқындау туралы» ҚР Үкіметінің қаулысы негізінде елде дәрілік препараттарды кезең-кезеңімен таңбалау басталды. Бұл тізімге 90-ға жуық дәрі-дәрмектер кірді. Республикада барлығы 7000-нан астам дәрілік заттар тіркелген. Олардың барлығы осы жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті таңбалауға және қадағалауға жатады.
Дәріхана ұйымы дәрілік заттарды таңбалау жүйесінде жұмыс істеуі үшін заңды тұлға басшысының немесе жеке кәсіпкердің ЭЦҚ пайдалана отырып Ismet.kz сайтында тіркелу қажет. Сондай-ақ, дәрілік заттарды бөлшек саудада сатудың барлық қатысушылары DataMatrix кодтарын оқу функциясы бар бақылау-кассалық машинасын тексеруі немесе 2D сканері мен деректерді жинау терминалы болуы қажет. Сонымен қатар, сатылатын тауарлардың номенклатурасы жүктелуі керек.
2D сканердің құны 22 мың теңгеден 90 мың теңгеге дейін ауытқиды, терминалдардың бағасы 110 мың теңгеден басталады.
«Аптасына бір рет біз дәріхана ұйымдарында сканерлер мен жабдықтардың дайындығын, есеп жүйесінің жұмыс істеп тұрғанын, интеграция жүргізілгенін тексереміз. Проблемалық мәселелерді шешеміз. 18 наурыздағы жағдай бойынша біз 212 дәріханаға қоңырау шалдық. Қазіргі уақытта БҚО-да тек 140 дәріхана нысанында 2D сканерлер бар. Облыс бойынша жарақтандыру 43% құрайды. Бүгінгі таңда 60-қа жуық субъект байланысқа шықпайды, МКД қызметкерлерімен бірлесіп олармен жұмыс істейтін боламыз, — деді БҚО бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің фармацевтикалық қызметті бақылау және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бағасын мониторингілеу бөлімінің басшысы Жәмила Мадимарова.
Бұл саясаттың мақсаты қауіпсіз және сапалы дәрілік заттарға қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы азаматтардың денсаулығын сақтау болып табылады. Жаңашылдық жалған және контрафактілік фактілерді, жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттарды босату немесе сақтау бойынша бұзушылықтарды анықтаудың, сондай-ақ шекті бағаларды асыра бағалау фактілерін анықтау тиімділігін қамтамасыз етеді.
Таңбалауға 2024 жылғы 1 шілдеден бастап өндірілген препараттар жатады. Цифрлық таңбалау рәсімінсіз дәріханалар өндірушілерден дәрілік заттарды ала алмайды және оларды халыққа жібере алмайды.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды таңбалау жөніндегі талаптарды тұрақты негізде сақтамау қызметті тоқтата тұруға дейінгі әкімшілік жауаптылықты көздейді.