Қазақстанда бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттарға шекті бағалар бекітілді
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2021 жылғы 27 тамыздағы № ҚР ДСМ-94 бұйрығымен бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына, дәрілік заттың саудалық атауына өндірушінің шекті бағалары бекітілді.
Шекті бағалар 7 мыңнан астам дәрілік препараттар үшін қалыптастырылды.
Қазақстанда бағаларды мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-247/2020 бұйрығымен бекітілген ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде дәрілік заттардың, сондай-ақ медициналық бұйымдардың шекті бағаларын және үстеме бағаларын қалыптастыру, реттеу қағидаларына сәйкес тіркелген және айналыстағы дәрілік заттарға ғана жүзеге асырылады. Ережеге сәйкес дәрілік заттарды, сондай-ақ ТМККК және МӘМС шеңберінде босатылатын дәрілік заттарды көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін баға белгілеу тетігі белгіленген.
Көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін дәрілік заттардың бағаларын реттеу сауда атауына бағаларды тіркеуді және қайта тіркеуді, көтерме және бөлшек үстеме бағаларды қалыптастыруды, дәрілердің саудалық атауына шекті бағаларды қалыптастыруды қамтиды.
Естеріңізге сала кетейік, дәрілік заттарға белгіленген шекті бағаны арттырғаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 426-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен қатар, қазақстандықтар darikz мобильдік қосымшасының көмегімен дәріханалардағы қандай да бір препараттың құнын өз бетінше бақылай алады, ал бағаларда айырмашылықтар анықталған жағдайда арнайы нысанды толтырып, шағым қалдыра алады.