ШҚО-да дәрі-дәрмек бағасының шекті мөлшерін сақтау талаптары күшейтілді

ШҚО-да дәрі-дәрмек бағасының шекті мөлшерін сақтау талаптары күшейтілді

Шығыс Қазақстан облысында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатумен айналысатын бөлшек және көтерме сауда ұйымдарына дәрі-дәрмектердің шекті бағаларын сақтау қажеттілігі ескертілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаменті хабарлады.

 

Мәлімдеме Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Т.Б. Дүйсенованың 2024 жылғы шілдедегі хаттамасына және Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының хатына сәйкес жасалған. Дәріханалар мен сауда субъектілері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2021 жылғы 27 тамыздағы №ҚР ДСМ-94 бұйрығымен бекітілген шекті бағаларды қатаң сақтау қажет.

 

Департамент шекті бағаларды сақтау бойынша мониторинг жүргізіп, әлеуметтік желілер мен басқа да платформалар арқылы бақылау шараларын жүзеге асыруда. Дәрі-дәрмек бағасын заңмен бекітілген мөлшерден асыру әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 426-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бұзушылықтар үшін жеке тұлғаларға 70 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

 

Бұл шаралар дәрі-дәрмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және заңбұзушылықтың алдын алуға бағытталған.