
Департамент қызметкерлері апта сайынғы жалпы оқуда "Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл"№4 (ТБН №4) үлгілік базалық бағытын іске асырумен танысты. Сондай-ақ оларға мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер туралы еске салынды.
Баяндамашы ретінде МФБК ШҚО бойынша департамент басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкілетті тұлға Нургуль Кунапьянова сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары У. Саркулов бекіткен Әдеп жөніндегі уәкілдердің үлгілік жұмыс жоспарына сәйкес Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін жүйелендіру және стандарттау, сондай-ақ оның тиімділігі мен уақтылығын қамтамасыз ету негізгі міндет болып табылады.
- Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік органда қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін сақтау бойынша сауалнама және мониторинг жүргізілді. Мысалы, еңбекақы төлеу, бонустар төлеу, материалдық көмек көрсету, жыл сайынғы еңбек демалысын беру, іссапар шығындарын өтеу және т.б. Мониторинг нәтижелері бойынша қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері бұзылған жоқ. Департамент қызметкерлері арасында қарым-қатынас мәдениетінің деңгейі бойынша сауалнама 5 баллдан 4,48 балл көрсетті, - деп хабарлады Нургуль Кунапьянова.
Бұдан әрі ол "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" заң бойынша мемлекеттік қызметшінің: педагогикалық, ғылыми немесе шығармашылық қызметтен басқа ақылы қызметпен айналысуға; кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен табыс алуға; жақын туыстарының тікелей бағынысындағы мемлекеттік лауазымды атқаруға құқығы жоқ екенін еске салды.
- Сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындаумен үйлеспейтін қызмет "сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында жазылған", - деп атап өтті Нургуль Кунапьянова.
Жалпы оқу соңында бас маман Марат Жүсіпов Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің кейбір баптарын еске салды.