Галина Климованың резонанстық жағдайы: ол МФБК ШҚО бойынша департаменті басшысының жеке қабылдауында болды

Галина Климованың резонанстық жағдайы: ол МФБК ШҚО бойынша департаменті басшысының жеке қабылдауында болды

Бүгін медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаментіне Өскемен қаласының тұрғыны Галина Климова жүгінді.

Оның медициналық тарихы кең қоғамдық резонанс тудырды. Операциядан кейін пациентте асқынулар пайда болды, бірақ ол өзіне операция жасаған ауруханада және тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымда денсаулығына қатысты мәселелерді шеше алмады. Науқасқа барлық жерде көмек көрсетуден бас тартылды. Қоғам мен БАҚ араласқаннан кейін ғана Галинаға қайтадан операция жасалды. Қазір ол амбулаториялық емдеуден өтуде.

Азаматтарға медициналық көмектен бас тартылған немесе сапасыз медициналық көмек көрсетілген жағдай, өкінішке орай, бірінші рет емес. Алайда, пациенттер көбінесе бірінші кезекте қайда жүгіну керектігін білмейді: бұл пациенттердің құқықтарын қолдау қызметі, ол кез-келген медициналық мекемеде, облыстық денсаулық сақтау басқармасында, міндетті медициналық сақтандыру қорының филиалында жұмыс істеуі керек. Ал ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлік департаменттері медициналық объектілерді қадағалау, тексеру және бақылау органы болып табылады.

Өкінішке орай, Галина Климова бұл туралы көп уақыт өткенде білді. Тек бүгін ғана ол МФБК ШҚО бойынша департаментінің басшысы Алмагуль Кусатаеваның жеке қабылдауында болды.

- Мұндай жағдайларда тұрғындар, ең алдымен, медициналық ұйымдар мен облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы пациенттердің құқықтарын қолдау қызметіне жүгінуі керек. Егер жағдай осы деңгейлерде шешілмесе, онда бізге жүгінуге болады. Біз Галинаның тарихын зерттедік, шағымдарын тыңдап, өтінішін қабылдадық. Өтініш бойынша департамент қызметкерлері пациенттің бағыты бойынша міндетті түрде тексеру жүргізеді. Егер медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі немесе бас тартылуы расталса, кінәлі тұлғалар жазаланады, – деп түсіндірді Алмагуль Кусатаева.