ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысы

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысы

Бүгін елордада ҚР Денсаулық сақтау министрлігі алқасының кеңейтілген отырысы өтті, онда денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер қаралды.

Алқа Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова мен денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өтті. Онлайн форматта ауқымды іс-шараға өңірлер әкімдерінің орынбасарлары, облыстардың денсаулық сақтау басқармаларының, СЭБК аумақтық бөлімшелерінің, МФБК, МӘМС, ДСДҰҒО, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары, фармацевтикалық компаниялардың, медициналық жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және басқалар қосылды.

ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаментінен алқа отырысына басшы Алмагуль Кусатаева қатысты.

Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау саласының қазіргі жағдайы, еліміздің барлық өңірлеріне қатысты өзекті мәселелер мен бірінші кезектегі міндеттер туралы айтып берді. Мысалы, болжам, алдын алу, диагностика және емдеуді қоса алғанда, жұқпалы аурулардың қауіп факторларын эпидемиологиялық қадағалау жүйесін құру қажет. Вакцинамен басқарылатын инфекциялар туралы айта отырып, министр эпидемиологиялық бақылау бөлігіндегі жүйелі кемшіліктерге назар аударды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігі зертханалық қызметтердің құрылымын, скринингтік зерттеулердегі тәсілді қайта қарауды, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін оңтайландыруды және ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін бірыңғай медициналық көмек пакетін қабылдауды жоспарлап отыр.

- Медициналық көмек көрсету жүйесін жаңғырту, ресурс үнемдеуге және азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қаржы қаражатын пайдаланудың ашықтығын, тиімділігін, ұтымдылығын қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдауды қамтамасыз ету қажет, - деп атап өтті денсаулық сақтау министрі.