
Департамент қызметкерлерінің кезекті кеңесі өтініштерді тіркеуге, "Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық фильтр" жобасын енгізуге, прокурор қызметінің құқықтық кепілдіктеріне және ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің кейбір баптарына қатысты болды.
Баяндамашы ретінде бас маман Марат Жусупов сөз сөйледі. Ол "е-Otinish" бірыңғай платформасы арқылы мемлекеттік органдарға өтініштерді беру, қабылдау және өңдеу процесін оңтайландыру туралы айтты.
ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің кейбір баптарына сілтеме жасай отырып, ол әкімшілік рәсімді қозғау үшін өтінішті қабылдаудан бас тартуға тыйым салынатынына баса назар аударды, алайда ол ҚР АӨК 63-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Өтініш түскен күні тіркеледі. Егер бұл жұмыс күні болмаса, тіркеу келесі жұмыс күні өтеді.
– Өтініш беруші әкімшілік іс бойынша шешім қабылдағанға дейін өз өтінішін жазбаша түрде қайтарып ала алады. Өкілеттігіне оны қарау кірмейтін әкімшілік органға келіп түскен өтініш келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті әкімшілік органға бір мезгілде әкімшілік рәсімге қатысушыны хабардар ете отырып жіберіледі, – деп түсіндірді Марат Жусупов.
Ол өз сөзінде "Прокуратура туралы" ҚР Конституциялық Заңына және құқықтық кепілдіктерге тоқталды.
– Прокуратура актілерін тиісінше қарамау, орындамау не прокурордың заңды талаптарын орындамау ҚР ӘҚБтК-нің 664, 664-1 және 665-баптарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады, - деп атап өтті Марат Жусупов.
Кеңес қорытындысы бойынша қызметкерлерге өтініштерді қарау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын (Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің нормаларын) қатаң сақтау міндеті жүктелді.