
Клиникалық тәжірибеде жұмыс істеуді жоспарлап отырған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар тиісті сертификат алуы керек. Мемлекеттік қызметті Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері көрсетеді. Рәсім Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің № ҚР ДСМ-274/2020 бұйрығымен регламенттелген. Құжатпен мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000021818.
Өтінім онлайн режимінде «электрондық үкімет» порталы арқылы беріледі (www.egov.kz, www.elicense.kz). «Денсаулық сақтау» қойындысында «Клиникалық практикаға жіберу үшін шетелдік маманға сертификат беру» қызметін таңдаңыз.
Өтінімге келесі құжаттарды тіркеу қажет:
- өтініш (нысан Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің № ҚР ДСМ-274/2020 бұйрығына 5-қосымшада бар);
- сіздің жеке басыңызды куәландыратын құжат;
- білім алған көрсетілетін қызметті алушының білімі туралы құжаттарын тану және нострификациялау туралы құжат. (ҚР-да медициналық білім алған тұлғалар ұсынбайды);
- мәлімделген мамандық немесе мамандандыру бойынша шетелдік маман тұратын елде берілген клиникалық практиканың жүзеге асырылғанын растайтын құжат (жұмысқа алғаш кіріскен тұлғалар ұсынбайды);
- өтініш берілген мамандық немесе мамандандыру бойынша біліктілігін арттыру туралы куәлік (сертификаттау сәтінде жалпы көлемде кемінде: өтініш берілген мамандық немесе мамандандыру бойынша еңбек қызметінде 3 жылдан кем үзілісі бар, маман сертификаты болмаған немесе бұрын берілген маман сертификатының қолданылу мерзімі 3 жылдан кем болған көрсетілетін қызметті алушылар үшін 4 кредит (120 сағат) және өтініш берілген мамандық немесе мамандандыру бойынша еңбек қызметінде 3 жылдан астам үзілісі бар, маман сертификаты болмаған кезде немесе бұрын берілген маман сертификатының қолданылу мерзімі 3 жылдан астам өткен кезде көрсетілетін қызметті алушылар үшін 8 кредит (240 сағат));
- еңбек қызметін растайтын құжат (оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа алғаш кіріскен адамдар ұсынбайды);
- жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаты (Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдік мамандар, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтары болып табылатын шетелдік жұмыскерлер бермейді);
- егер диплом алғаннан кейін аты-жөніңізді өзгерткен болсаңыз, онда сізге тиісті құжаттарды ұсыну қажет;
- білім мен дағдыларды бағалау нәтижесі («Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы» РҚБ аккредиттелген ұйымы береді (https://www.qazexam.kz/index.php/de/);
- қолда бар мамандық немесе мамандандыру бойынша маман сертификатының көшірмесі (сервисте мәліметтер болмаған жағдайда) (өтініш берілген мамандық немесе мамандандыру бойынша жарамдылық мерзімі 3 жылдан аспайтын жарамсыз маман сертификаты бар көрсетілетін қызметті алушылар үшін).
Мемлекеттік қызмет 5 күн ішінде көрсетіледі. Егер сіз жұмыс уақытынан тыс уақытта немесе мереке күндері өтініш берген болсаңыз, онда өтінім келесі жұмыс күні тіркеледі. Сертификат 5 жыл мерзімге беріледі. Оның мерзімін ұзарту үшін сертификаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 30 күн бұрын өтініш беру қажет. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.