ШҚО медицина қызметкерлері грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды

ШҚО медицина қызметкерлері грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды

Бүгін Шығыс Қазақстанның медицина қызметкерлері мен ұйымдарын құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Нургуль Кунапьянова құттықтау сөз сөйледі: «Құрметті медицина қызметкерлері! Бүгін біз Сіздерге облыстың денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін тағы да алғыс айта отырып, мықты денсаулық және кәсіби салада толайым табыстар тілейміз».

Халыққа сапалы медициналық көмек пен қызмет көрсету, өтініштер мен шағымдардың болмауы, пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметінің жоғары деңгейдегі жұмысы, сондай-ақ ТМККК және МӘМС шеңберінде азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз етуде заңнама тәртіптерін сақтағаны үшін ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің атынан «Вита-1» ЖШС директоры  Рая Жангалиевна Рахимова және ШҚО ДСБ «Өскемен қаласының №2 емханасы» ШЖҚ КМК дәріханасының фармацевті Ольга Николаевна Федорова құрмет грамоталарымен марапатталды. Алғыс хаттар Шығыс Қазақстан облыстық оңалту орталығының бас дәрігері Тимур Жанарбекович Тортаевқа және «Медсервис плюс» ЖШС ШҚ филиалының директоры Алла Михайловна Мандычке табысталды.

  - Әрине, мұндай марапатқа ие болғаныма қуаныштымын және өз кезегінде менің жұмысымды бағалағаныма ризамын, – дейді фармацевт Ольга Николаевна Федорова. – Менің еңбек өтілім 1972 жылдан бастап есептеледі-50 жылдан астам! Мен Қарағанды қаласында дүниеге келіп, осы қаладан медициналық училищені бітіргеннен кейін студенттерді облыстарға бөлу кезінде Шығыс Қазақстанға келдім. Алдымен Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында фармацевт, кейін дәріхана басқармасында, одан әрі дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығында жұмыс істедім, ал соңғы бес жыл көлемінде Өскемен қаласының №2 емханасында еңбек етіп келемін.  Айта кетейік, біздің аурухана амбулаториялық және стационарлық деңгейде ТМККК және МӘМС шеңберінде он мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді.  

Бұдан әрі ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ШҚО бойынша департаментінің атынан Құрмет грамоталарымен «Амбулаториялық орталық» мекемесінің, Шығыс Қазақстан облысының ЖИТС алдын алу және күрес жөніндегі орталығының, Шығыс Қазақстан облысы фтизиопульмонологиялық орталығының, Өскемен қаласының балалар стоматологиялық емханасының, Ұлан ауданының аудандық ауруханасының, Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығының, Өскемен қаласының №1 емханасының жұмысы атап өтілді.

– Бүкіл ұжымның еңбегі басқа ведомстволармен, оның ішінде медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен жоғары бағаланғанына қуаныштымын, - деп облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың медициналық қызметтер сапасы мен пациенттердің қауіпсіздігін бақылау қызметінің басшысы Жадра Таныбекова марапат үшін алғысын білдірді.