Гүлмира Шарыпова Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алғыс хатымен марапатталды

Гүлмира Шарыпова Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алғыс хатымен марапатталды

Мемлекеттік қызметші күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің медициналық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира Александровна Шарыпова Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Бұл марапат – оның мемлекеттік қызметтегі көпжылдық адал еңбегінің, жоғары кәсібилігінің және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесінің айқын көрінісі.

Гүлмира Александровна мемлекеттік қызметте 16 жыл 6 айдан астам еңбек етіп келеді. Еңбек жолын 2005 жылдың қыркүйегінде Шемонаиха аудандық сотында маман болып бастады. 2007 жылғы қазаннан 2018 жылғы шілдеге дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқармасында бас маман қызметін атқарды.

2018 жылдың шілде айынан бастап медициналық және фармацевтикалық бақылау жүйесінде еңбек етеді. Алғашында медициналық қызметті бақылау бөлімінің бас маманы болса, 2024 жылдың ақпан айынан бері осы бөлімнің басшысы қызметін атқарып келеді.

Ол денсаулық сақтау саласындағы мониторингтер мен талдау жұмыстарын жүргізуге, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге, сондай-ақ департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша азаматтар мен заңды тұлғаларға консультативтік және әдістемелік көмек көрсетуге белсенді қатысады.

Әріптестері Гүлмира Александровнаны жоғары кәсіби біліктілігімен, жауапкершілігімен, талапшылдығымен және өз ісіне адалдығымен ерекшеленетін маман ретінде бағалайды. Ол кәсіби білімін үнемі жетілдіріп, ұжым арасында және Шығыс Қазақстан облысының медицина қауымдастығы арасында зор құрметке ие.

Көпжылдық жемісті еңбегі үшін бұған дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен, Департамент басшысының Құрмет грамотасымен және Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасы орынбасарының Алғыс хатымен марапатталған.

Департамент ұжымы Гүлмира Александровнаны лайықты марапатымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, отбасына амандық, қызметіне толағай табыс пен жаңа жетістіктер тілейді.