ҚР-да тіркелмеген дәрілік заттарды сатуға жол бермеу туралы

ҚР-да тіркелмеген дәрілік заттарды сатуға жол бермеу туралы

16 қаңтар, дүйсенбі күні Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде  өңірдің фармацевтикалық ұйымдарының өкілдерімен онлайн-кеңес өткізілді. Күн тәртібінде бірнеше мәселе , оның ішінде - ҚР-да тіркелмеген дәрілік заттарды сатуға жол бермеу мәселесі тұрды.

 

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде Өзбекстан Республикасында «ДОК-1» және «ДОК-1 Макс» препаратының таблеткалары мен сиропын қабылдағаннан кейінгі ауыр зардаптар, оның ішінде 18 баланың қайтыс болуы туралы ақпарат кеңінен таралуда. Бұл дәрілік заттар біріктірілген суыққа қарсы препараттар тобына жатады. «ДОК-1 МАКС» құрамында 500 мг парацетамол, гвайфенезин – 200 мг және фенилэфрин гидрохлориді – 10 мг бар. Берілген препараттарды өндірушісі- Marion Biotech, Үндістан.

- Қазіргі уақытта бұл препараттар Қазақстанда тіркелмеген, олардың тіркеу мерзімі аяқталған, - деп хабарлады фармацевтикалық қызметті бақылау және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағаларын мониторингілеу бөлімінің басшысы Дарья Росовская. – 2015 жылы «ДОК-1», 2018 жылы- «ДОК-1 Макс». Тиісінше, оларды бізде босатуға болмайды. Өндірушісі Марион Биотек Пвт Лтд, Үндістан басқа да дәрілік заттары ҚР дәрілік заттарының мемлекеттік тізілімінде тіркелмеген.

Дарья Росовскаяның айтуынша, өткен жылдың соңында Департамент облыс аумағында ДЗ болуына мониторинг жүргізген. МФБКД қызметкерлері сенімді болды: дәрілік заттар фармацевтикалық ұйымдарда  жоқ. Соған қарамастан, кездесуде олар фармацевтерге «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 233- бабының 4- тармағы талаптары туралы тағы да еске салды. Онда айтылған:

     «1) Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген;

      2) сапасы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестік сертификатымен расталмаған;

      3) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін;

      4) жарамдылық мерзімі өткен;

      5) денсаулық сақтау ұйымдарында медицина қызметкерлерінің;

      6) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды уақытша сақтау қоймалары арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізуге тыйым салынады».

Сондай-ақ, фармацевтикалық ұйымдарда «ДОК-1», «ДОК-1 МАКС» дәрілік препараты немесе Қазақстан Республикасының аумағында тіркелмеген басқа да препараттар табылған жағдайда әкімшілік жауапкершілік туралы айтылды.

- Тiркелмеген, қолдануға рұқсат етiлмеген дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды өндiру, сатып алу, тасымалдау, сақтау, өткiзу, қолдану (пайдалану), жарнамалау, егер олар адамның денсаулығына зиян келтiруге алып келмесе, – қызметтi тоқтата тұрып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың тікелей нысаналары болып табылатын дәрілік және оларға теңестірілген заттар, емдік-профилактикалық тамақ өнімдері мен тағамдық қоспалар, сондай-ақ косметикалық заттар және әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстер тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – 100, лауазымды адамдарға – 150, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1500 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

Адамның денсаулығына зиян келтiруге алып келген іс-әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, -әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың тікелей нысаналары болып табылатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, емдік-профилактикалық тамақ өнімдері мен тағамдық қоспалар, сондай-ақ косметикалық заттар және әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстер тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – 200, лауазымды адамдарға – 300, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 350, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 400, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 2000 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, сондай-ақ олардың қызметіне тыйым салуға алып келеді.