
ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау Комитетінің Қарағанды облысы бойынша Департаменті бастамасымен өткен кеңесте Қарағанды өңірінің дәріханашылары мен бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының өкілдеріне антибактериалды препараттарды дәрігерлер жазып берген рецептілер бойынша қатаң босату қажеттігі туралы еске салды.
Іс-шара ZOOM қосымшасы арқылы жаздың бірінші күні өтті. Оған дәріханалардың иелері, БМСК ұйымдарының және өңірдің денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты.
Кеңесті аша отырып, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау Комитетінің Қарағанды облысы бойынша Департаментінің басшысы Ольга Смирнова көтерілген мәселенің бүгінгі күні өте өзекті болып табылатынын атап өтті, өйткені коронавирустық инфекцияны стационарлық деңгейде емдеу хаттамаларына көрсетілімдер болған кезде антибактериалды препараттар кіреді.
- Соңғы уақытта COVID-19 аурулары жағдайларының көбеюіне байланысты дәрігерлердің ерекше назары пациенттерді қатаң түрде хаттама бойынша емдеу қажеттілігіне бағытталған, - деді Ольга Викторовна. - Антибактериалды препараттарды бақылаусыз қабылдау резистенттілікке әкеледі, яғни пациент үшін тиімді емдеу мүмкіндігін азайтады. Сондықтан, бүгінгі күні антибиотиктерді тек дәрігердің нұсқауы бойынша босату мәселесіне қатаң қарау керек.
МФБК Қарағанды облысы бойынша Департамент басшысының орынбасары Фарида Макеева «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 233-бабына сілтеме жасай отырып, кеңес қатысушыларына дәрігердің рецептісі бойынша босатуға арналған дәрілік заттарды рецептісіз өткізуге тыйым салынатыны туралы еске салды. Дәрілік препараттардың құрамына кіретін әсер етуші заттарды ескере отырып, оларды рецептісіз және рецепт бойынша босатылатын дәрілік препараттардың санаттарына жатқызу, уәкілетті орган бекітетін рецептілерді жазып беру, есепке алу және сақтау ережелері провизорлар үшін негіз қалаушы қағидат болуы тиіс. Себебі олардың орындалуын бақылау көптеген науқастардың тек денсаулығына ғана емес, сонымен қатар өміріне де әсер етеді.
Кеңеске қатысушылар бақылаушы органның ұстанымын толық қолдады.
МФБД баспасөз қызметі