
GPP тиісті дәріханалық практика стандартын енгізу
«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау Комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті» (бұдан әрі – Департамент) келесіні хабарлайды:
Қазақстан Республикасы 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI Кодексінің «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» (бұдан әрі – Кодекс) 1 тарау 1 бөлім 1-бабы 1-тармағының 275-тармақшасына сәйкес, фармацевтикалық қызмет – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру және (немесе) дайындау және (немесе) көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізу бойынша денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылатын, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алумен (иеленумен), сақтаумен, әкелумен, әкетумен, тасымалдаумен, сапасын бақылаумен, ресімдеумен, бөлумен, пайдаланумен және жоюмен, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін қамтамасыз етумен байланысты қызмет.
Кодекстің 1 тарау 1 бөлім 1-бабы 1-тармағының 42-тармақшасына сәйкес, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізу – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды алумен (әкелуден басқа), сақтаумен, бөлумен, түпкі тұтынушыға өткізумен (әкетуден басқа), жоюмен байланысты фармацевтикалық қызмет.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2021 жылғы
4 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығына 5-қосымшамен бекітілген Тиісті дәріханалық практика станддарты (GPP) (бұдан әрі – GPP стандарты) Қазақстан Республикасының халқына фармацевтикалық қызметкерлер көрсететін фармацевтикалық қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз етеді, тиісті дәріхана практикасына және сапаны басқару жүйесін ұйымдастыруға қойылатын талаптарды белгілейді, оның ішінде медициналық ұйымдар деңгейінде дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.
GPP стандартының 8-тарауына сәйкес дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың сапасына, сондай-ақ дәріханалық ұйым қызметінің сапасына бүтіндей әсер ететін барлық жұмыс түріне стандарттық операциялық рәсімдер жасалады.
Сондай - ақ, Кодекстің 27-тарау 5-бөлім 233-бабы 3-тармағына сәйкес - дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер тиісті дәріханалық практика (GРP) талаптарын2026 жылғы 1 қаңтардан бастап сақтауға міндетті.
Осылайша, фармацевтикалық қызметке «Дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізу» түрі бойынша мемлекеттік лицензиясы бар субъектілер дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы нормативтік – құқықтық актілерге сәйкес 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап GPP стандартының талаптарын сақтауға міндетті.
23.12.2024 жылғы жағдай бойынша Ақтөбе облысы бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын объектілердің саны-302 объект.
GPP стандартының талаптарына сәйкестігіне берілген сертификаттарының саны – 62 (қала-48, аудандар-14, медициналық ұйым-1), ДЗ бөлшек саудада өткізу объектілерінің жалпы санынан GPP ұстаушылардың пайызы 21% құрайды. Бүгінгі таңда жұмыста 16 өтінім бар.
Сонымен қатар, барлық сұрақтар бойынша Департаментке Ақтөбе қаласы,Тілеу батыр көшесі,9 Б мекен-жай бойынша және телефон:502161 арқылы хабарласуға болады.