Дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың айналысы саласында нормативтік құқықтық актілердің талаптарын және препараттарды рецепт бойынша босату ережелерін сақтау.

2023 жылдың 31 қаңтарында медициналық және фармацевтикалық бақылау Комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен (бұдан әрі – Департамент) фармацевтикалық қызмет саласындағы көтерме сауда ұйымдары өкілдерінің қатысуымен семинар кеңес өтті. Онлайн форматта өткізілген семинарда Трамадол, Тропикамид және т.б. рецептпен босатылатын дәрілік заттарды көтерме саудада өткізу,фармацевтикалық қызмет саласындағы мамандарды сертификаттау,тиісті фармацевтикалық  практика стандарттарын енгізу және өзге де мәселелер талқыланды. Бүгінгі таңда рецепт арқылы босатылатын дәрілік препараттарды, әсіресе, Трамадол, Тропикамид, Сомнол, Мидримакс, Мидакс, Цикломед, Лирика және басқа дәрі-дәрмектерді рецептсіз босату мәселесі өршіп тұрғаны айтылды. Дәріханаларда аталмыш дәрілік препараттар қатаң тәртіппен босатылуы, көтерме сауда желісінде өткізуде де аса мұқият болу, қажет болған жағдайда, сату көлемін шектеу маңызды екені хабарланды. Болашақта Трамадол дәрілік затын заттық-сандық есепке алуға жататын дәрілік заттар тізіміне енгізу жоспарлануда.

Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 233-бабының 5-тармағына сәйкес, «дәрігердің рецепті бойынша босатуға арналған дәрілік заттарды рецептсіз сатуға тыйым салынады». Аталмыш заңнаманы  бұзғаны үшін «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 426-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Семинар барысында ҚР ДСМ 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-274/2020 «Денсаулық сақтау саласындағы маманды сертификаттауды жүргізу, шетелдік мамандарды қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатының қолданысын растау қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде медициналық білім алған адамды денсаулық сақтау саласындағы маманды сертификаттауға жіберу шарттарын бекіту туралы» бұйрығы (15.11.2022 № ҚР ДСМ-134 өзгертулер мен толықтыруларын қоса алғанда) бойынша және Тиісті дистрибьюторлық тәжірибе стандартының (GDP) енгізілу талаптары туралы «Тиісті фармацевтикалық практикаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2021 жылғы 4 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығы бойынша баяндама жасалынды.

Кездесу барысында сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді.

 

Дата публикации
17 февраля 2023