Алматыда «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің 25 жылдығына арналған «Қазақстандағы ислам өркениетінің дәстүрі: өткені мен бүгіні» атты XXXII халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиынға мемлекеттік органдардың, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, ғылыми қауымдастықтың және Қазақстан, Египет, Өзбекстан, Қырғызстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Конференцияда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты оқылды. Құттықтауда университеттің діни білім беруді дамытуға, исламтану, дінтану және теология салалары бойынша мамандар даярлауға, Қазақстан мен Египет арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі аталып өтті.
Іс-шарада «Қазақстандағы дәстүрлі ислам: ғылыми-практикалық негіздері мен даму жолдары» ғылыми жобасының нәтижелері таныстырылды.
Конференция соңында жоба аясында әзірленген ғылыми басылымдардың таныстырылымы өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Әзербайжанда өтіп жатқан Түркі әлемі апталығы аясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің дін мәселелеріне жауапты мемлекеттік органдары басшыларының алғашқы отырысы өтті.
Жиынға ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстанның өкілдері қатысты.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли Қазақстан үшін ТМҰ аясындағы ынтымақтастықтың тәжірибе алмасуға, конфессияаралық келісімді нығайтуға және бүгінгі заманның мәселелерін бірлесіп шешуге мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өтті.
Кездесуде жастарды жат идеологияның ықпалынан сақтандыру мәселесі көтерілді. Қазақстан ТМҰ-ға мүше мемлекеттерге интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және алдын алу бағытындағы ортақ жұмысты күшейтуді ұсынды.
Жиын соңында қатысушылар Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Прагада Дін және наным-сенім бостандығы жөніндегі альянстың жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясы өтті. Оған Қазақстан делегациясы да қатысты.
Іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов елімізде 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің рөлі мен маңызын атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстанның конфессияаралық келісімді қалыптастыру және азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету тәжірибесіне тоқталды.
Онлайн және офлайн форматта өткен іс-шараларға 40-тан астам елден 500-ге жуық адам қатысты.
Чех Республикасының Президенті Петр Павелдың қолдауымен өткен іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, діни бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
2025 жылғы 16 қазанда Астанада діни бірлестіктер өкілдерінің жиыны аясында «Рухани келісім – адам, табиғат және технология арасындағы үйлесімділіктің негізі» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Іс-шара Қазақстандағы Рухани келісім күніне орай ұйымдастырылды.
Конференция ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Конфессияаралық және дінаралық диалог халықаралық орталығының бастамасымен өтті.
Күн тәртібі аясында қазақстандықтарға тән тарихи қалыптасқан төзімділік, ынтымақтастық пен ашықтық сияқты құндылықтар талқыланды. Бұл құндылықтар адам, табиғат және технологиялық даму арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты қалыптастырудың негізі ретінде қарастырылды.
Ғылыми-техникалық прогресс жағдайында рухани бағдарды сақтау, моральдық жауапкершілікті арттыру мен ортақ адамзаттық болашақты сезіну мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конференция жұмысына діни бірлестіктер, дипломатиялық корпус, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ғылыми-сараптамалық қауымдастық, ҮЕҰ өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Террористік белсенді аймақтардан оралған азаматтар мен сол жақта қаза тапқан қазақстандықтардың туыстарына құқықтық және әлеуметтік көмек» бағыты аясында мемлекеттік гранттар беру конкурсының басталғаны туралы хабарлайды.
Жоба 2019-2023 жылдары «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы шеңберінде Сирия мен Ирактан қайтарылған азаматтарға арналған.
Қазіргі уақытта көптеген репатриант пен олардың туыстары мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қызметтерге, жәрдемақыларға және төлемдерге қол жеткізе алмай отыр. Әлеуметтік-құқықтық мәселелері шешілмеген террористік аймақтан оралған азаматтардың қайта радикалдану қаупі де жоқ емес. Әсіресе бұл жағдай, ТБА-да хабар-ошарсыз кеткен немесе қаза тапқан қазақстандықтар мен туыстарының құқықтық мәртебесі әлі күнге дейін анықталмауына байланысты туындауы мүмкін.
Гранттың мақсаты – құжаттарды рәсімдеу бойынша және заңгерлік қолдау көрсету, әлеуметтік төлемдерге арналған құжаттарды алу үшін мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету.
Жоба 2025 жылғы тамыз – желтоқсан айларында толық жүзеге асуы қажет. Грант Астана және Алматы қалалары, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары бойынша бөлінеді. Қысқамерзімді гранттың жалпы сомасы – 11 796, мың теңге.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі, қатысушыларға қойылатын талаптар, қажетті құжаттар тізімі және басқа да толық ақпарат Бірыңғай грант операторының ресми ресурстарында орналастырылған.
Қосымша ақпарат алу үшін байланыс: + 7 7172 79 04 31.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
2025 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 40 мыңнан астам түсіндіру жұмыстары жүргізілді, оларға еліміздің барлық өңірлерінен 1,5 миллионнан астам адам қатысты.
Басты назар діни экстремизмнің алдын алуға және оған қарсы іс-қимылды онлайн жүргізуге аударылды. Алты ай ішінде 17 мыңнан астам ақпараттық материал әзірленіп, оның 2 482-сі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды, ал әлеуметтік желілерде 60 мыңнан астам жарияланым орналастырылды. Ақпараттық жұмыс зайырлы құндылықтарды насихаттауға, конфессияаралық келісімді нығайтуға және экстремистік идеологияға қарсы тұра алатын тұрақты иммунитет қалыптастыруға бағытталған.
Интернет желісін бақылау нәтижесінде экстремистік мазмұндағы 10 852 материал анықталды, олардың 3 126-сы жойылды. Дінтану сараптамасы 2 мыңнан астам материалды зерделеді. Оның шамамен 70%-ының қорытындысы оң болды, ал 20%-ында діни мазмұн белгілері анықталған жоқ.
Жұмыстың маңызды бөлігі – діни қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру. 2025 жылдың қаңтарынан бастап «ескерту» институты енгізілді және ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша айыппұл мөлшері 50% төмендетілді. Сондай-ақ, діни әдебиетті тарату орындарын келісу тәртібі жеңілдетілді.
Бұдан бөлек, сенім бостандығы мен діни наным-сенімді бағалау бойынша Ұлттық индикаторлар бекітілді. Олар конфессияаралық қатынастардың, мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара байланысын, сондай-ақ интернеттегі діни белсенділік көрсеткішін анықтайды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен Әнуар Нұрманұлы Хатиев ведомствоның Дін істері комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.
1982 жылы Алматыда дүниеге келген. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін, Д. А. Қонаев атындағы университетті, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
Еңбек жолын 2002 жылы Астана қаласы бойынша Жер ресурстары және жерге орналастыру жөніндегі еншілес мемлекеттік кәсіпорыны Заң бөлімінің маманы болып бастаған.
2005–2007 жылдары – Түзету мекемелерінде заңдылықты қадағалау бойынша Көкшетау қаласы прокурорының көмекшісі.
2007–2008 жылдар аралығында ҚР Индустрия және сауда министрлігі Бақылау және реттеу комитетінің Талап қою бөлімінің құрылымында түрлі қызметтерді атқарған.
2007–2014 жылдар аралығында ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің құрылымында түрлі қызметтерде жұмыс істеген.
2015–2016 жылдары – ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Көліктегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары.
2016–2019 жылдары – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту департаментінің директоры, «Электрондық үкіметті» және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту департаментінің директоры.
2019–2023 жылдары – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары.
2023 жылдан бастап осы уақытқа дейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Бүгін Бейбітшілік пен келісім сарайында Діни бірлестіктер өкілдерінің отырысы өтті.
Іс-шараға МАМ өкілдері, Конфессияаралық және дінаралық диалог халықаралық орталығының басшылығы және Қазақстанда тіркелген діни бірлестіктер өкілдері қатысты.
Отырыс барысында қатысушылар дін саласына қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы ақпарат алды.
Сонымен қатар мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара байланысы, қоғамдағы дәстүрлі құндылықтар мен рухани келісімді нығайтудың басқа да өзекті мәселелері талқыланды.
Жиналыста сөз сөйлеген спикерлердің айтуынша, бұл іс-шараға азаматтардың ұлты мен дініне қарамай қатысуы – барша Қазақстан халқының рухани келісімінің үлгісі.
Діни бірлестіктердің өкілдері дәстүрлі құндылықтарды сақтау мен нығайтудың маңызын ерекше атап өтті.
Кездесу соңында Бейбітшілік пен келісім сарайы музейінде қатысушыларға арналған экскурсия ұйымдастырылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ауқымды реформалар Қазақстан үшін әлемдік ақпараттық және мәдени кеңістіктің географиясын кеңейтуге және жаңа көкжиек ашуға мүмкіндік береді. Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі жетекшілік ететін бағыттарда көптеген маңызды оқиғалар орын алып, бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Оның ішінде ақпарат, мәдениет, азаматтық қоғам, дін және этносаралық, жастар және отбасы саясаты, креативті технологиялар бағыттары бар.
Ақпарат саласын дамыту
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы және Жолдауындағы тапсырмалары мен реформаларын орындау аясында Министрлік мәдениет, ақпарат және коммуникация салаларын дамытудағы негізгі бастамаларын іске асыруда.
Ақпарат саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы. 2024 жылдың бірінші жартысында «Масс-медиа туралы» Заңды қабылдау бойынша айтарлықтай жұмыс жасалды. Заң жобасы тәуелсіз Қазақстан тарихында ең көп талқыланған құжаттың біріне айналды. Нәтижесінде 19 маусым күні ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаев медиасферадағы жаңа үрдістерді ескере отырып мемлекет пен қоғамның мүддесін қорғауға арналған «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойды.
Қазақстандық телеарналардың халықаралық деңгейде таратылуы тұрақты түрде және айтарлықтай кеңейіп келеді: «Silk Way» арнасы қазірдің өзінде 118 елде көрсетіліп АҚШ, Еуропа және Азиядағы кабельдік операторларға қосылған; «Хабар 24», «Qazaqstan International» және «Balapan International» Ресейде, Қырғызстанда, Өзбекстанда және басқа да елдерде хабар таратады.
Музей ісін дамыту және театр өнерін насихаттау бойынша жұмыстар белсенді түрде атқарылып жатыр. Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» картинасының иммерсивті көрмесі жарқын оқиғаға айналып, нағыз сенсация тудырды: экспозицияға 25 мыңнан астам адам келді. Биыл құрылған шығармашылық ұжымдар - «Бірлік» ән-би көпұлтты ансамблі және классикалық гитаристердің Мемлекеттік квинтеті халықаралық сахналарда сәтті өнер көрсетіп жүр.
Жыл басынан бері мемлекеттік театрлардың шығармашылық ұжымдары жеті жарым мыңға жуық спектакль ұсынды, оған бір жарым миллион көрермен қатысты.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы– кітап оқу екенін атап өтті. Осыған байланысты «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» деп белгіленді. Кітаптар барлық азаматтарға қолжетімді болуы тиіс, сондықтан қазір елде зағип және нашар көретін азаматтарға арналған 17 мамандандырылған кітапхана жұмыс істейді.
Қазақстанда цифрлы эфирлік телерадио хабарларын таратуды енгізу қарқынды дамып келеді. 580 радиотелевизиялық станция ел халқының 93%-дан астамын «цифрмен», ал шекаралас аудандарда «Qazaq radiosy» халықтың 91%-ын немесе 435 мыңнан астам тұрғынды қамтиды.
Өңірлік баспасөзді дамытпай, ақпарат саласын дамыту мүмкін емес. Министрлік биыл да мемлекеттік тапсырыс арқылы өңірлермен жұмыс істеуді және Журналистиканы дамыту қоры арқылы гранттар беруді жалғастырды. Сондай-ақ, өткен сәуірде алғаш рет өңірлік БАҚ әлеуетін арттыру және журналистік материалдардың сапасын жақсарту бойынша форум өтті.
Өңірлік баспасөз өз позициясын жоғалтпай, әлеуметтік желілер мен танымал мессенджерлердің көмегімен сапалы дамып келе жатқанын ерекше атап өткен жөн.

Мәдениет, өнер және әдебиет жаңа кезеңге өтті
Халықтар арасындағы өзара байланысты нығайту үшін, басқа елдермен гуманитарлық ынтымақтастық кеңейтіліп, күшейтіліп жатыр. Әрине, жылдың маңызды оқиғаларының бірі екі мемлекет көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің қатысуымен өткен Қазақстанның Бейжіңде және Қытайдың Астанадағы мәдени орталықтарының ашылуы болды. Орталықтар мәдени іс-шараларды өткізуге арналған алаңға айналды.
Биыл Қазақстан алғаш рет Венеция өнер биенналесінің толыққанды қатысушысы атанды, онда Jerūiyq мифтік мекені – құт қонған жер туралы ежелгі қазақ аңызының заманауи түсіндірмесі ұсынылды. Осылайша, Қазақстан әлемдік мәдени қоғамдастыққа қосылуын және өзінің мәдени құндылықтарын насихаттауға деген ұмтылысын растады.
Мәдени нысандар -Түркістанның мәдени мұрасының жүрегі
Түркістанның туристтік әлеуеті қарқынды дамып келеді. Қаланың мәдени мұрасының көрсеткіші - 20 жыл бұрын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесін атауға болады. "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аумағында орналасқан бұл зәулім тарихи нысан түркі әлемінің рухани бірлігінің символына айналды.
"Әзірет Сұлтан" музей-қорығы бірегей тарихи жәдігерлерді сақтай отырып түркі әлемінің мәдени мұрасын насихаттауда маңызды рөл атқарады. Оның экспозициялық алаңдарында түркі мемлекеттері арасындағы мәдени ынтымақтастықты арттыруға бағытталған көрмелер тұрақты өткізіліп тұрады. 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан "Түркі әлемінің рухани астанасы" болып жарияланды. Бұл бастама Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен өңірдің мәдени өмірінде музей-қорықтың маңыздылығын айқындайды.
Жастар және отбасы саясаты-қоғам дамуының негізі
Министрлік жұмысының басым бағыты- жастарды қолдау, оларды "Адал азамат" қағидаттарына баулу болып табылады. Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жаңарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Аталған бастама жастарды ұлттық міндеттерді іске асыруға белсенді тартуға мүмкіндік береді.
Жастарға арналған төмен пайыздық мөлшерлемемен "9-20-25/Отау" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы іске қосылса, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының мөлшері 1 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
Отбасылық құндылықтар мен гендерлік теңдікті нығайту Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды басымдығы болып табылады. Салада сапалы өзгерістер орын алып келеді. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң қабылданды. Сондай-ақ бірінші жартыжылдықта Аналар күні алғаш рет аталып өтті. Бұл бағытта 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының орындалуына мониторинг жүргізу маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік мекемелер үшін БҰҰДБ-мен гендерлік теңдікке қол жеткізудегі сертификаттау бағдарламасы аясында жұмыстар жалғасуда.

Азаматтық қоғам билік пен халықтың өзара әрекеттесу факторы ретінде
Қазақстан өзін "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" деп жариялады, сондықтан министрлік билік пен қоғам арасындағы байланысты дамытуға күш салып келеді. Epetition.kz платформасы азаматтардың өтініштерін жіберетін алаңға айналып, қазір 54 өтініш жарияланды. Екі өтініш бойынша шешім шығарылды.
Жыл басынан бері ведомство Қазақстанда азаматтық секторды дамытудың үш бағыты бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Олар: институционалдық негіздерді құру, диалогтық өзара іс-қимыл жасау және азаматтық бастамаларды дамыту.
Волонтерлік қозғалыс 50 мыңнан астам еріктіні тарта отырып сәтті жұмыс істеп келеді. Бүгінде Қазақстанда 700-ге жуық волонтерлік ұйымы, 1000-нан аса бастамашыл топ және 1000-нан астам "Күміс волонтерлер" бар. Сондай-ақ елімізде төтенше жағдай кезінде аймақтардағы адамдарға көмектесетін, әлеуметтік көмек көрсететін, медициналық, қайырымдылық жобаларын ұйымдастыратын, ағаш отырғызып, табиғи полигондармен күресетін 240 мыңнан аса волонтер бар. Су тасқыны кезінде құтқарушылармен бірлесе жұмыс істеген 50 мың волонтерсіз төтенше жағдай дүрбелеңіне қарсы күрес сәтті жүрді.
Қазіргі таңда Қазақстанда ҮЕҰ заңнамасын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп, оған 40-тан астам сарапшы мен азаматтық қоғамның 50 өкілі қатысуда. Жұмыс барысында 42 өзекті мәселелердің тізілімі қалыптастырылып, нәтижесінде кешенді шаралар қабылданады. Сондай-ақ "Азаматтық қоғамды дамыту" тұжырымдамасы да жаңартылады. "ҮЕҰ академиясы" жобасы аясында үкіметтік емес ұйымдардың 759 өкілі оқытылды.
"Игі істер марафонын" өткізу игі дәстүрге айналып, 9 мың адамның қатысуымен 625 іс-шара ұйымдастырылды. Жыл сайын 2000-нан астам әлеуметтік жоба іске асырылып, олардың көлемі 14% - ға артты.
Шығармашылық индустриялар-экономиканың болашағы
Қазақстандағы креативті индустриялар көптеген әлеуметтік және мәдени міндеттерді шеше алатын экономикалық өсудің маңызды тетігі ретінде қарастырылуда. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында аталған саланы дамытудың маңыздылығын атап өтіп, әрбір облыс орталығында креативті хабтар құруды тапсырды.
Мәдениет және білім беру мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасы әзірленіп, қазір Парламент Мәжілісінде қаралуда. Креативті индустриялардағы кәсіпкерлерді қолдау үшін салықтық жеңілдіктер енгізілді. Нәтижесінде бөлшек салықтың арнайы салық режиміне жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізімі кеңейтіліп, креативті салалардың 40 түрі қамтылды. Бұл ретте кәсіпкерлер бірыңғай салық төлейтін болады – жеке кәсіпкерлер үшін 2-4% және ЖШС үшін 8%. Бұл шаралар 35 мыңға жуық кәсіпкерге салықтық жеңілдіктерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазақстанда халықаралық нарықта креативті тауарлар мен қызметтерді ілгерілету және жас таланттарды қолдау үшін "Креатив хаб "халықаралық креативті индустрия орталығы" корпоративтік қоры құрылуда.
Күшіміз - бірлікте
Ұлттық бірлікті нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады. Қазір оны дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасы іске асырылуда. Ассамблея этномәдени өзара іс-қимылды белсенді дамытуда. Статистикаға сәйкес, азаматтардың 97% этносаралық қатынастарды оң бағалайды. Қазір республикада 1000-нан астам этномәдени бірлестік, сондай-ақ 15 тілде 52 этностық БАҚ жұмыс істейді.

Жұмыстың маңызды бағыты-дін саласы
Министрлік діни экстремизмнің алдын алу профилактикасын жүргізіп, елімізде зайырлы құндылықтар мен конфессияаралық келісімді нығайту бойынша пәрменді қадамдар жасайды. Діни экстремизмнің алдын алу шеңберінде қазақстандық қоғамда зайырлы құндылықтар мен конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал ететін 12 959 материал дайындалды. Елімізде 3 961 діни бірлестік және 14 рухани оқу орны тіркелген.
Жылдың екінші жартысында мәдениет және ақпарат министрлігі барлық жетекшілік ететін салаларды дамыту бойынша кешенді жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Каир қаласында «Жаһандық әлемдегі пәтуа және әдеп негіздері» атты халықаралық конференция өтті. Аталған іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚМДБ өкілдері, ислам ғалымдары, мүфтилер және дінтанушылар қатысты.
Конференция тәжірибе алмасу және діни саланың өзекті мәселелерін талқылау алаңына айналды.
Сапар аясында «әл-Азхар» университетінде діни білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті. Қатысушылар діни білім беру мәселелерін талқыға салды.
Сонымен қатар, ҚР МАМ Дін істері комитетінің өкілдері мен ҚМДБ теологтары Мысырдағы уәкілетті мекемелермен кездесіп, діни қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша тәжірибе алмасып, өзара пікір алмасты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі