
Бүгін Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі Хатшылығының ХХІ отырысы өтті.
Әлемнің 23 елінен келген дін лидерлері мен өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезінде қабылданған Декларациядағы мақсат-міндеттердің іске асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Съездің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы бекітілді.
Хатшылықтың отырысында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйледі.
– Көпшілігіңіз 20 жыл бойы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметімен тікелей байланыстысыз. Оның қатысушылары және оның хатшылық институтының қалыптасуының куәгерісіздер.
Жалпы, Съезд өз жұмысының әр кезеңінде дінаралық саммиттің қорытынды құжаттарында – әлем елдерінің азаматтарына, халқы мен үкіметтеріне жолданған Декларацияларда көрініс тапқан жаңа идеялар мен бастамалар ұсынып отырады...
Кеше VII Съездің идеялары мен Декларациясын ілгерілету қорытындылары жөнінде мазмұнды пікір алмасу орын алған арнайы Жұмыс тобының отырысы өтті.
Барлық қатысушылар өткен Рухани форумның әлемдік қоғамдастық арасында кең қолдау тапқанын атап өтті.
Өткен съездің идеялары мен Декларациясын ілгерілетудің маңызды аспектісі – конфессияаралық диалог туралы әлем жұртшылығын хабардар ету болып табылады.
Мәселен, ағымдағы жылдың өзінде 4000-нан астам түрлі материалдар, соның ішінде «Euronews», «BBC», «CNN», «Bloomberg», «Washington post», «Al Jazeera», «Cиньхуа», «Vaticannews» секілді басқа да беделді шетелдік БАҚ-та жарияланды...
Бүгінде әлем үнемі түрлі өзгерістерге ұшырап, жаңа қиындықтарға тап болуда. Осы орайда, біздің Съездің және оның Хатшылық институтының одан арғы жұмысы бүкіл әлемде бірлік пен келісімді сақтауға және өзара диалогты нығайтуға бағытталуы тиіс, – деп атап өтті министр.