
2020 жылғы 7 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (бұдан әрі - ҚМДБ) кезектен тыс ІХ Құрылтайында Серікбай қажы Ораз ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти қызметіне Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасын ұсынды.
Құрылтайға жиналған 300 делегат Серікбай қажы Ораздың ұсынған кандидатурасына бірауыздан дауыс беріп, қолдау көрсетіп, Наурызбай қажы Тағанұлын Бас мүфтилікке сайлады.
Құрылтайға қатысқан Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Серікбай қажы Ораздың 2017-2020 жылдары атқарған жұмысына оң баға беріп, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, діни саладағы ортақ шараларды бірлесе жүзеге асыруға ниеттестік білдірді.