
7 қазан ұстаздар мерекесі күні Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» қазақ-египет ислам мәдениеті университетінде болды. Вице-министр Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының басым бағыттары туралы айтып, сондай-ақ, жоғары оқу орнының жаңа ректоры- Мухаммед Шаххат Әл-Джиндиді таныстырды.
Кездесуге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, университеттің профессорлық- оқытушылық құрамы және студенттер қатысты.
Берік Арын өз сөзінде білім беру жүйесін реформалау, жаңа оқу стандарттарын енгізу туралы айтқан Мемлекет басшысы Жолдауының маңыздылығын атап өтті.
«Президент жаңа жолдауында білім беру саласына ерекше тоқталды. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау қажеттігі, жоғары білім беру ісінде маман дайындау сапасына қатысты талаптарды күшейту, жоғары оқу орындарын ірілендіру сынды маңызды мәселелер міндеттелді. Мемлекет дамуындағы осындай жауапты істе бүгінгі ұстаздар мерекесін пайдаланып, сіздерге әрдайым еңбектеріңіз жемісті болуына тілектеспіз, - деп атап өтті Берік Арын.
Бұдан кейін, Берік Арын «Нұр-Мүбәрак» университеті Қамқоршылар кеңесінің шешімімен жаңадан тағайындалған ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад әл-Жиндиді жоғары оқу орнының ұжымына таныстырып, жаңа ректорды қазақ еліндегі жаңа жауапты қызметін құттықтап, сәттілік тіледі.