Сингапур этникааралық және дінаралық келісімді сақтау және ілгерілету бойынша Қазақстанның тәжірибесін зерттеуге мүдделі.

Сингапур этникааралық және дінаралық келісімді сақтау және ілгерілету бойынша Қазақстанның тәжірибесін зерттеуге мүдделі.

2018 жылдың 25 қазанында Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын Сингапурдың Қазақстандағы Елшісі Зулкифли бин Бахарудинмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы дін және этносаралық келісім, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамыту мәселелері, жастар саясаты және министрліктің құзыретіне кіретін басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты жолға қою жолдарын талқылады.

Б. Арын сұхбаттасушыны ведомство қызметінің негізгі бағыттарымен, атап айтқанда Қазақстанның түрлі этностық топтар мен діндер өкілдері арасындағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудегі табысты тәжірибесімен таныстырды. Осы тұрғыда вице-министр Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жолымен бірлік пен келісімнің бірегей моделін қалыптастыру, сондай-ақ жақында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру жөніндегі бастамалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сингапур дипломаты өз кезегінде көпэтникалық елдің бейбіт және тұрақты дамуын қамтамасыз ететін Қазақстанда жүргізіліп жатқан ішкі саясатқа жоғары баға берді. Сингапур мен Қазақстанның көпұлтты палитрасының ұқсастығын ескере отырып, елші Қазақстанның тәжірибесін зерттеуге қызығушылық білдіріп, осы салада, соның ішінде жақында құрылған Қазақстан Республикасындағы Сингапурдың Құрметті консулдығы арқылы тұрақты түрде тәжірибе және ақпарат алмасуды жолға қою мақсатында тығыз байланыс орнатуға ұсыныс жасады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ҚМДБ мен сингапурлық "HalalQuality" орталығы арасында қол қойылған меморандум аясында "халал" индустрияны дамыту, жастар арасында волонтерлік қызметті дамыту және жандандыру, азаматтық қоғам институттарын тұрақты даму мақсаттарын қамтамасыз ету жөніндегі қызметке тарту, сондай-ақ діни экстремизм көріністерінің алдын алу сияқты салаларда өзара іс-қимылды жолға қоюға екі жақты мүдделілігін растады.