
2017 жылғы 24 қарашада Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Арын Берік Сақбайұлының Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 18 өңірінің өкіл имамдарымен кездесуі болып өтті.
Іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасарлары Ораз Серік Сатыбалдыұлы және Өтпенов Наурызбай Тағанұлы, 18 өңірдің өкіл имамдары, «Уақып» қазақстандық корпоративтік қайырымдылық қорының президенті – Айтбай Қайрат Орынбайұлы қатысты.
Кездесудің мақсаты дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, мемлекеттік-конфессияаралық қарым-қатынастарды дамыту болып табылады. Сондай-ақ елдегі этносаралық және конфессияарлық келісімді сақтау үшін діндар азаматтарды байыптылық пен тағаттылыққа дағдыландыру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, кездесуде Мемлекет басшысының 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің ҚМДБ-мен діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу, жастардың бойында деструктивті діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығы дін саласындағы мемлекеттің саясатын қолдайтынын айтып, сондай-ақ Министрліктің діни қызметшілердің біліктілігін көтеру мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырғандығына ризашылықтарын білдірді.
