
2017 жылғы 11 желтоқсан күні Орталық коммуникациялар қызметінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша брифинг өтті.
Брифинг барысында Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын діни қызмет туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер туралы айтты.

Вице-министрдің айтуынша, Заң жобасы аясында 12 заң актісіне шамамен 50-ге жуық түзетулер мен толықтырулар енгізілетін болады. Берік Арын барлық түзетулерді үш бөлімге жіктеп көрсетті.
Бірінші бөлім дінді деструктивті мақсаттарда пайдалануды болдырмауға бағытталған. Атап айтқанда, «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарының заңнамалық тұрғыдағы анықтамасы енгізілді. Заң жобасында қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын киім түрлерін киюге, деструктивті діни ағымдарға жататын киім түрлерін және сыртқы атрибуттарды қоғамдық орындарда қолдануға, киюге және таратуға, сондай-ақ, олардың идеологиясын таратуға тыйым салуды көздейтін бірқатар нормалар бар.
Екінші бөлімде мемлекеттік органдардың қызметін реттеуге қатысты нормалар қарастырылған. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің діни ұйымдардың қызметіне араласуына тыйым салу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, діни ахуалды талдау үшін жергілікті атқарушы органдардың функциялары кеңейтілетін болады. Мемлекеттік органдардың бас бостандығынан айырылған адамдармен оңалту жұмыстарын жүргізу және аталған санаттағы адамдармен жұмыс істеуге қатысты функциялары айқындалады. Бұдан басқа, заң жобасы діни қызметке байланысты қылмыстарды болдырмау үшін тәртіп сақшыларының функцияларын кеңейтуді көздейді.
Үшінші бөлімде діни бірлестіктердің жұмысын жеңіл әрі түсінікті етіп жасауға арналған түзетулер енгізілген. Мұнда мәселен, өңірлік діни бірлестіктерді тіркеуге қойылатын талаптарды жеңілдету сияқты шаралар қамтылған. Шетелде діни білім алу процесі реттелетін болады. Кәмелетке толмағандарды діни қызметке заңсыз қатыстырудан қорғауды күшейту енгізіледі. Бұдан басқа, заң жобасында діни бірлестіктердің қаржылық қызметінің ашықтығын арттыру мақсатындағы нормалар ұсынылған.
Брифингтің соңында вице-министр Берік Арын мен Дін істері комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауап берді.