Каирде вице-министр Берік Арынның Египеттің діни жетекшілерімен бірқатар кездесулері өтті.

Каирде вице-министр Берік Арынның Египеттің діни жетекшілерімен бірқатар кездесулері өтті.

2018 жылғы 14-15 қаңтар аралығында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Б.Арын Каирде жұмыс сапарымен болды, онда ол Бас имам, шейх әл-Ажар Ахмад Ат-Тайебпен, Коптикалық Православие шіркеуінің жетекшісі Папа Тавадрос II, Египет Араб Республикасының Вакфтар министрі Мұхтар Джумамен, Сыртқы істер министрлерінің мәдениет, дін және туризм жөніндегі орынбасары Хеба Аль-Мараси, сондай-ақ Азия және Мұхит аралдары бойынша Халид Саруатпен кездесті. 

Кездесулер барысында тараптар діни қызметті реттеу саласындағы пікірлер мен тәжірибелермен алмасты, діни кадрларды даярлау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын қарастырды, оның ішінде Нұр-Мүбарак университетінің қызметін жетілдіру, сондай-ақ Египет тарапының әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезіне қатысуы талқыланды.

            Б.Арын сонымен қатар сұхбаттасушыларды Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды, онда Мемлекет басшысы азаматтық қоғам, этносаралық және конфессияаралық келісім елдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерінің негізі болып табылатындығын және олар біздің басты құндылығымыз болып қала беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, Б.Арын Конгрестің мақсаттары мен міндеттерін алға жылжыту жөніндегі уәкіл ретінде министр М. Джума мен Папа Тавадрос II-ге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының меңгерушісі К.К.Тоқаевтың осы жылдың қазан айында Астана қаласында «Қауіпсіз әлем үшін діни лидерлер» тақырыбында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съездіне шақыртуын табыс етті.

Вице-министр Египеттің діни лидерлерінің әлемдік беделін ескере отырып, олардың осы маңызды дінаралық форумға қатысатынына сенім білдірді.

Египеттің дін қайраткерлері Қазақстан мен оның басшысының әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі діни лидерлердің күш-жігерін біріктіру жөніндегі бастамаларын жоғары бағалады.  Олар алдағы съездің тақырыптарына үлкен қызығушылық танытты және оған қатысуға сендірді.