
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрғасы Е. Оңғарбаев Қажылық министрлігінің шақыртуымен 2018 жылдың 4-8 ақпан күндері Сауд Арабиясы Корольдігіне (САК) жұмыс сапармен барды.
Сапар аясында ДІК төрағасы САК Қажылық министрлігінің лауазымды қызметкерлерімен бірқатар кездесулер өткізіп, қажылыққа қатысты мәселелер мен ұсыныстарды талқылады.
Атап айтқанда, САК Қажылық министрінің орынбасары Абдулфаттах бин Сүлеймен Машшат мырзамен болған ресми кездесуде тараптар қажыларды тікелей тасымалдау, олардың денсаулығын бақылау, құжаттарды рәсімдеу, қажылық фирмаларының жалпы жұмысын үйлестіру т.б., мәселелерді жан-жақты пысықтады.
Е. Оңғарбаев Қажылық министрлігінің құрылымдық бөлім басшыларымен өткізген кездесулерде қазақстандық қажыларды тасымалдау барысында қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалауға назар аударды. Сауд тарапы өз кезегінде бұл мәселелерге жіті көңіл бөлетіндіктерін жеткізді. 2018 жыл үшін Қазақстаннан қажылыққа баратын жалпы адамдардың саны 3000 квота болып белгіленді.
Жұмыс сапарының нәтижесі бойынша Қазақстан мен САК арасында «Қажылық-2018» келісіміне қол қойылды. Бұл келісімде квота мөлшері, қажылардың қауіпсіздігі және т.б. мәселелер қамтылды. Қазақстандық қажыларды Қазақстан тарапынан «SCAT», ал Сауд тарапынан «FlyNas» әуекомпанияларымен 50/50 мөлшерде тасымалдауды жүзеге асырады. Жалпы алғанда, қол жеткізілген келісімдер екі жақты байланыстың одан әрі дамуы мен қажылықтың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына мемлекеттің көрсеткен қамқорлығы болып табылады.