
Бүгін, 2018 жылдың 9 сәуірінде, Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Жоғарғы мүфти Серікбай қажы Оразбен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды, сондай-ақ конфессияаралық келісімді нығайту және азаматтардың ар-ождан бостандығына құқықтарын іске асыру мәселелері қаралды.
Дархан Қалетаев имамдардың, теологтар мен сарапшылардың қатысуымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Атап айтқанда, министр дінтанушы ғалымдар мен шығыстанушылардан тұратын арнайы жұмыс тобының тарихи мұраны және дәстүрлі исламның ұлттық мәдениетпен байланысын зерттеу, сондай-ақ мемлекет дамуының зайырлы қағидаттарына негізделген идеологияны қалыптастырудағы исламның оң рөлін анықтау жөніндегі жұмысына қолдау білдірді.

Өз кезегінде Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Дархан Қалетаевты министр қызметіне тағайындалуымен құттықтап, жұмыста табыс тіледі.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша тығыз ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.