
Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын балалары террористік әрекет ету аймақтарына (Сирия-Ирак аймағы) кеткен ата-аналардың бастамашыл тобымен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қазақстандықтардың Отанына оралуына баса назар аударылғаны атап өтілді.
Өздеріңіз білетіндей, осы жылдың 9 қаңтары Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық операцияның аяқталуына байланысты мәлімдеме жасады. Гуманитарлық операцияның нәтижесінде Сириядан Қазақстанның 47 азаматы (6 ер, 11 әйел және 30 бала) эвакуацияланды.
Вице-министр Б.Арын барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен Қазақстан Республикасы азаматтарын қақтығыс аймағынан қайтару және оларды әлеуметтік оңалту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
Қазіргі уақытта елімізге оралған азаматтар бейімдеу орталығында қажетті медициналық, оңалту, бейімдеу және басқа да көмек алуда.
Еске салайық, 2018 жылғы 21 қарашада Қоғамдық даму министрлігінің басшылығымен кездесу барысында қазақстандықтарды қайтару және бейімдеудің проблемалық мәселелерін шешу үшін «Байланыс тобы» құрылды, оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдар мен ата-аналар комитетінің өкілдері кірді. Байланыс тобы азаматтардың, соның ішінде шетелдегі балалардың тізімін жасап, тиісті құзырлы органдарға тапсырды.