
2018 жылғы 26 сәуірде «Министрліктер үйі» ғимаратында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің басшылығы «Strive Global» бағдарламасының өкілдері Ирэн Родригез Бэльмонд және Фарангиз Атамурадовамен кездесу өткізді.
Қазақстандық тарапқа ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Оңғарбаев Еркін Әнуарұлы басшылық етті.
Сонымен қатар, кездесуге ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Терроризмге қарсы орталық Штабы бастығының бірінші орынбасары Швейкин С.А., Ішкі істер министрлігінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Разуев Д.А. және ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілі Хасенова А.С. қатысты.

Әңгіме барысында тараптар «Strive Global» бағдарламасы шеңберіндегі Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдары мен «Хедая» зорлық-зомбылық экстремизммен күрес жөніндегі халықаралық орталығы арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Дін саласындағы уәкілетті орган тарапынан зорлық-зомбылық экстремизм көріністеріне жол бермеу бойынша азаматтық қоғамның бастамаларына қолдау көрсету мәселелеріне қатысты ұсыныстар мен пікір алмасулар болды.
Кездесудің нәтижесі бойынша тараптар Қазақстандағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
