Дархан Қалетаев Ұлыбритания елшісімен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Дархан Қалетаев Ұлыбритания елшісімен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Бүгін Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Майкл Джон Гиффордпен кездесу өткізді.

Кездесу аясында дін және азаматтық қоғам саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері, Вульф институты делегациясының Қазақстанға алдағы сапарының ұйымдастыру сәттері талқыланды. Бұл институт иудейлер, христиандар мен мұсылмандар арасындағы қатынастарды академиялық зерттеуде әлемдік көшбасшы болып табылады.

 

Осы делегацияның сапары аясында ағымдағы жылдың мамыр айының соңында бірқатар іс-шаралар, атап айтқанда министрлікте кездесу өткізу, діни ғимараттарға бару, сондай-ақ Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы мен "Вульф" институты арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою жоспарланған.

Әңгіме барысында Дархан Қалетаев Ұлыбритания Біріккен Корольдігі мен Қазақстан Республикасы арасында жақын және сенімді қарым-қатынастар қалыптасқанын атап өтті.

Д. Қалетаев елдегі азаматтық қоғам институттарының даму барысы және мемлекет пен діннің өзара іс-қимылының жеке моделін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Министр 2017-2020 жылдарға арналған діни саладағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы қабылданғанын, соның негізінде дін саласындағы заңнамаға өзгерістер пакеті жасалғанын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар дін және азаматтық қоғам саласындағы одан әрі ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды дамытуға мүдделі екендіктерін білдірді.