Дархан Кәлетаев Қазақстандағы Католик шіркеуінің нәтижелі қызметі туралы айтты

Дархан Кәлетаев Қазақстандағы Католик шіркеуінің нәтижелі қызметі туралы айтты

Бүгін Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Астанадағы Әулие Мария Рим-Католик Архиепархиясының Архиепископы Томаш Пэтамен кездесті.

Сонымен қатар, кездесуге «Астанадағы барлық халықтар анасы» Рим-Католик шіркеуінің өкілі Павел Блок, Петропавл қаласындағы «Әулие үштік» Рим-Католик шіркеуінің қызметкері Томаш Якубчак қатысты.

Кездесу барысында тараптар мемлекеттік орган мен католик шіркеуінің өзара байланысы, сындарлық ынтымақтастықты дамыту және еліміздегі конфессияаралық келісім мен сұхбатты нығайту мәселелерін талқылады.

Дархан Кәлетаев Қазақстандағы Католик шіркеуінің нәтижелі қызметін атап өтті. Оның айтуынша, басқа діни бірлестіктермен қатар, Рим-Католик шіркеуі гуманитарлық салада, атап айтқанда, маңызды әлеуметтік және ағартушылық міндеттерді шешуде нәтижелі жұмыс жүргізіп отыр.

Өз кезегінде Архиепископ Томаш Пэта министрге Қазақстандағы Рим-Католиктік шіркеуінің қызметі туралы, сондай-ақ, рухани құндылықтарды қалыптастыру мақсатында дінге сенушілерге арналған мәдени-ағарту жұмыстарын баяндады.

Кездесу соңында тараптар сенімді өзара қарым-қатынастарды дамыту мен еліміздегі конфессияаралық келісімді сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда ресми түрде тіркелген 18 конфессияның құрамына кіретін Рим-католик шіркеуінің 80 діни бірлестігі жұмыс істейді.