
24 қараша күні Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің ұйымдастыруымен теологтар және дін саласындағы басқа да мамандарға арналған SMM-насихаттау және әлеуметтік желілердегі профилактикалық жұмыстардың өзге де аспектілері бойынша екі күндік оқыту семинар-тренингінің бірінші күні өтті.
Семинарға 150-ден астам адам – теологтар, дінтанушылар,психологтар, діни экстремизмнің алдын алу бойынша жұмыстарға тартылған ақпараттық-түсіндіру топтарының лекторлары және басқа да сала мамандары қатысты. Олар деструктивті және радикалды онлайн-насихатқа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан ақпараттық жұмыстардың деңгейін сапалы арттыруға мүмкіндік беретін әлеуметтік желілердегі контенттерді ілгерілету құралдарын тиімді пайдалану бойынша оқытылды.
Семинар жұмысын Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов ашып, аталған шараның маңыздылығын атап өтті. Семинар барысында танымал журналист және блогер Өркен Кенжебек, сондай-ақ копирайтинг, PR және коммуникация мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті.
Тренинг барысында дұрыс контент-жоспар жазу және визуалды контентті ресімдеу, аудиториямен жұмыс істеу, сондай-ақ SMM-дегі соңғы трендтер сынды мәселелер қарастырылды. Сонымен қатар, семинар-тренингте қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, оларды кеңінен талқылауға мүмкіндік алды.