Дархан Кәлетаев «Нұр-Мүбарак» университетіне барды

Дархан Кәлетаев «Нұр-Мүбарак» университетіне барды

Бүгін Алматыда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев және Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениетінің университетіне барды.

Сапар барысында министр Д.Кәлетаев жоғары оқу орнының ректоры Жуда Басюнимен кездесу өткізіп, білім ордасының мәжіліс залын, аудиторияларын, кітапханасын аралады, сондай-ақ, университет ғимараты кешенінің құрамына кіретін мешіттің және жатақхананың жұмысымен танысты.

Дархан Кәлетаев университет ректоры Жуда Басюнимен университеттің даму стратегиясын және дін саласындағы білікті кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті 2001 жылы Египет пен Қазақстан үкіметтері арасындағы келісімнің негізінде ашылған. Оқу орнында 80 оқытушы дәріс береді, оның 15-і Египет елінің азаматтары. Университеттегі негізгі мамандықтар қатарына исламтану, дінтану, араб тілі және әдебиеті кіреді. Қазіргі уақытта университетте 1300 студент, магистранттар мен докторанттар оқиды.