Ақтөбе облысы Полиция департаментінің қызметкерлері республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында елді мекендердің санитариялық тазалығын сақтау және абаттандыру талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізуде.
Полицейлер тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға төгу, қоқыс үйінділерін заңсыз орналастыру, сондай-ақ аумақтарды күтіп-ұстау қағидаларын бұзу фактілерін анықтау бағытында тұрақты жұмыстар жүргізуде.
Мәселен, ағымдағы жылдың 24 маусымында Ақтөбе қаласындағы Ақжар-1 тұрғын алабының маңында КАМАЗ жүк көлігінің жүргізушісі қоқысты рұқсат етілмеген жерге төгіп жатқан жерінен анықталды. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Рейдтік іс-шаралар барысында құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындардан тыс жерлерге тастау, сондай-ақ іргелес аумақтарды күтіп-ұстау талаптарын сақтамау фактілеріне ерекше назар аударылуда.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес «Елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін» әкімшілік жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Құқық бұзушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қолданылады.
Полиция азаматтарды тазалық пен тәртіпті сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және рұқсат етілмеген қоқыс орындары туралы 102 арнасына хабарлауға шақырады.
Осы бағыттағы рейдтік және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
Алматыда 2026 жылғы Наурыз мейрамы бұрын-соңды болмаған ауқымда өтіп, дәстүр, заманауи технология мен қалалық іс-шаралардың жаңа форматтарын тоғыстырды.
Шаһарда 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 800 мыңнан астам адам қатысты, ал онлайн аудитория 3 миллионнан асты. Мерекені ұйымдастыру мен өткізуге 500-ге жуық мәдениет және өнер қайраткері атсалысты. Биыл жас таланттарды қолдауға ерекше басымдық берілді. Қала сахналарда танымал артистермен қатар оқушылар, студенттер және жас орындаушылар да өнер көрсетті.
Мерекенің негізгі орталықтары «Астана» және «Абай» алаңдары, Панфилов жүргіншілер көшесі, «Арбат», «Атакент» аумағы, Тұңғыш Президент саябағы және Алматы ипподромы болды. Қала бойынша шамамен 100 киіз үй тігіліп, олардың әрқайсысы дәстүрден инновацияға дейінгі түрлі тақырыптағы дербес кеңістікке айналды. Бұл алаңдар жас өнерпаздарға шығармашылығын кең аудиторияға ұсынуға мүмкіндік берді.
«Астана» алаңында алты киіз үйден тұратын экспозиция ұсынылып, онда ұлттық музыкалық аспаптар, археологиялық реконструкциялар, этнодизайн үлгілері, сондай-ақ роботтар, дрондар және жасанды интеллект технологиялары таныстырылды. Digital 360 кеңістігі арқылы қала тұрғындары мен қонақтары панорамалық проекциялар көмегімен Алматының әр кезеңдегі келбетін тамашалады. Осы алаңда өткен концерттерде кәсіби артистермен бірге Сая Махамбет, Айдар Әбдірахманов, Дастан Тұрдәлі, Әмина Әбділбекова, Майдан Аймауыт және Ханшайым Пшан сынды жас орындаушылар өнер көрсетті.
Цифрлық трансформация Наурыз-2026 мерекесінің басты ерекшеліктерінің біріне айналды. Қаланың әртүрлі нүктесінде цифрлық шешімдер қолданылған жетіден астам жоба жүзеге асырылды.
Панфилов көшесінде ауданы 175 шаршы метрлік LED-туннель орнатылып, онда жасанды интеллект көмегімен жасалған визуалды контент көрсетілді. Ал «Астана» және «Абай» алаңдарындағы концерттер мультимедиялық эффектілермен және жасанды интеллектпен сүйемелденді.
Интерактивті форматтар «Арбатта» жалғасын тапты. Мұнда KitapFest-2026 фестивалі аясында Smart-киіз үй жұмыс істеп, келушілерге сирек кітаптар, VR-аймақтар, AI-фотоаймақ және көне басылымдарды қалпына келтіру үдерісі ұсынылды. Екі күн ішінде фестивальге шамамен 40 мың адам келіп, 15 мыңнан астам кітап сатылды.
Мерекенің басты символдарының бірі — Тұңғыш Президент саябағында орнатылған әлемдік рекорд болды. Мұнда биіктігі 11 метрден, диаметрі 20 метрден асатын ең үлкен шаңырақ көтеріліп, оның астына ұзындығы 100 метрден асатын сырлы сырмақ төселді.
Рекордтар легі Алматы ипподромында жалғасын тапты. Мұнда алғаш рет ауқымды этнофестиваль өтіп, 10 мыңнан астам көрермен жиналды. Алаңда көкпар, жамбы ату, ат үстіндегі акробатика сияқты ұлттық спорт түрлері көрсетілді. Ең әсерлі сәттердің бірі — түйе үстінде отырып 10 секунд ішінде төрт нысананы дәл көздеп ату арқылы әлемдік рекорд орнату болды.
Биылғы мереке дәстүрлі алаңдармен шектелмей, бүкіл қаланы қамтыды. Метро бекеттерінде концерттер мен фотокөрмелер ұйымдастырылып, көшелерде этноансамбль өнер көрсеткен музыкалық автобус жүрді.
«Атакент» аумағында экологиялық мәдениетке бағытталған экофестиваль өтті. Қайта өңделген материалдардан жасалған арт-нысандар, шебердің дәрістері мен жәрмеңкелер дәстүр мен экологияның үйлесімін көрсетті.
Абай алаңы мәдени және халықаралық өзара ықпалдастық орталығына айналды. Мұнда ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан шеберлері қатысқан түркі халықтарының көрме-жәрмеңкесі өтті. Сахнада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері Дулат Манарбеков, Әнел Жамбыл, Даниял Қыдырбаев, сондай-ақ «Кәусар» жетіген ансамблі, «Сарын» фольклорлық ансамблі және AURORA вокалды-аспаптық квинтеті өнер көрсетті.
Сонымен қатар, «Әлемді таңғалдырған әжелер» жобасы аясында 60 жастан асқан әйелдер ұлттық киімнің заманауи үлгілерін таныстырған сән көрсетілімі өтті.
«Алатау» дәстүрлі өнер театры алдындағы алаңда 700 орындық көшпелі цирк-шапито орнатылып, халықаралық деңгейдегі артистер қатысқан «Наурыз шоу» бағдарламасы ұсынылды.
Музыкалық бағдарлама аясында қала бойынша жеті гала-концерт өтті. Танымал өнерпаздармен қатар ондаған жас орындаушы алғаш рет үлкен сахнаға шықты.
Наурызнаманың маңызды бөліктерінің бірі «Тазару күні» аясында өткен ауқымды сенбіліктер болды. Оған 10 мыңнан астам адам қатысып, 2 мыңнан астам техника жұмылдырылды. Соның нәтижесінде 2 мың текше метрден астам қалдық шығарылып, 2 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды.
Қосымша мерекелік жоба ретінде «Nauryz Sale» қалалық акциясы ұйымдастырылып, оған 500 мыңнан астам адам қатысты.
Осылайша, Алматыдағы Наурыз-2026 дәстүрлі мерекенің жаңа форматтағы ірі қалалық оқиғаға айналғанын көрсетті. Рекордтар, цифрлық технология, халықаралық мәдени диалог және қала тұрғындарының белсенді қатысуы мерекеге ерекше сипат берді. Ал жас өнерпаздардың өнері жаңа буынның ұлттық дәстүрді жалғастырып қана қоймай, оны жаңаша түсіндіріп жатқанын айқын көрсетті.
«Digital Nauryz» іс-шаралар циклі аясында заманауи технологиялар мен киберспортты дамыту мақсатында VR (виртуалды шынайылық) ойындарынан ашық турнир өтті.
Бұл шараның негізгі мақсаты — жастар арасында цифрлық мәдениетті ілгерілету, инновациялық шешімдерді дәріптеу және Наурыз мейрамын заманауи форматта атап өту. Жарыс барысында қатысушылар жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен виртуалды кеңістікте өз шеберліктерін көрсетіп, стратегиялық ойлау мен жылдам шешім қабылдау қабілеттерін паш етті.
Шараның негізгі кезеңдері:
Технологиялық инсталляция: Қатысушылар VR-индустриясының соңғы мүмкіндіктерімен танысты;
Тартысты кезең: Командалық және жекелей есептегі ойындар жоғары бәсекелестік жағдайында өтті;
Марапаттау рәсімі: Үздік нәтиже көрсеткен ойыншылар арнайы сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Digital Nauryz — бұл тек мерекелік шара емес, бұл еліміздің цифрлық болашағына жасалған тағы бір қадам. Инновациялық экожүйені бірге қалыптастыруға атсалысқан барлық қатысушыларға алғыс білдіреміз!
#DigitalQyzylorda
#КызылордаОблысы
#DigitalNauryz
#VRЖарыс
#Инновация ЦифрлықҚазақстан Наурыз2026 Технология
Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «DIGITAL NAURYZ» іс-шаралар жоспары шеңберінде заманауи технологияларды насихаттауға бағытталған дрондармен спорттық ойындар өткізілді. Іс-шара барысында қатысушылар дрондарды басқару шеберлігін көрсетіп, арнайы кедергілерден өту, дәлдікке ұшу және жылдамдық бойынша жарыс түрлерінде бақ сынасты. Бұл сайыс жастардың цифрлық технологияларға қызығушылығын арттырып, инновациялық бағыттағы қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді. Дрондар арқылы өткізілген жарыстар көрермендерге ерекше әсер сыйлап, ұлттық мереке мен цифрлық технологияның үйлесімін көрсеткен жарқын шаралардың біріне айналды.
https://www.instagram.com/reel/DV_E47fjcXQ/?igsh=NWkxeXlwNDdjdDhy
Наурызнама онкүндігі аясында «Digital Nauryz» тұжырымдамасы негізінде «Жібек жолы» ойын-сауық орталығында жасанды интеллект (AI) технологияларын қолдану бойынша арнайы оқыту тренингі ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты — заманауи технологиялық жетістіктерді насихаттау және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру. Оқыту барысында қатысушылар жасанды интеллектің күнделікті өмірдегі және бизнестегі тиімділігімен танысып, нейрожелілермен жұмыс істеудің негіздерін меңгерді.
https://www.instagram.com/reel/DV-5usmjb7I/?igsh=Ymh0YXNqeTJlNHpu
«Digital Nauryz» мерекелік бағдарламасы аясында халық көп шоғырланатын ойын-сауық орталықтарында робот-гид қызметі ұйымдастырылды.
Робот-гидтің негізгі функциялары: келушілерге мерекелік іс-шаралар кестесі туралы ақпарат беру, сауда орталығының картасын ұсыну, сондай-ақ қажетті нысандарға бағыт-бағдар көрсету болып табылады.
Қызылорда облысының Цифрлық технологиялар басқармасы, Ақпараттық технологиялар орталығы, Мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы бірлесіп, 2026 жылдың 16 наурызында Қызылорда қаласы тарихи-өлкетану музейінде «DIGITAL NAURYZ» іс-шаралары аясында ұйымдастырылған «Digital инсталляцияларды музейлерде таныстыру» шарасы өтті. Шараға 50-ге жуық студенттер мен оқушылар қатысты.
Музей қорында бүгінгі таңда 70 мыңнан астам экспонат сақталған, оның ішінде 700-ден астам экспонат тұрақты экспозицияға орналастырылған. Жоба аясында 50 экспонат 3D форматында цифрландырылып, келушілерге жаңа технологиялар арқылы ұсынылды.
Digital инсталляциялар – өнер мен технологияның бір кеңістікте тоғысқан жаңа форматы. Жарық, дыбыс және бейне элементтерінен құралған заманауи инсталляциялар көрерменге ерекше әсер сыйлап, мәдени мұраны жаңа форматта таныстыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, цифрлық технологияларды мәдениет саласына енгізу – жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жаңа қырынан танытып, тарихты заманауи тілде жеткізудің тиімді тәсілі.
«Digital Nauryz» аясында өткен «No Code» воркшопында 15 қатысушы нағыз «цифрлық сиқырды» жасап шықты. Олар бағдарламалау кодтарынсыз-ақ, заманауи платформалар арқылы кәсіби сайттарды құрастыруды үйренді.
Ең бастысы — құрғақ теория емес, нақты нәтиже: шара соңында әр қатысушы өздерінің төл цифрлық өнімдерін іске қосты. Болашақ — кодсыз-ақ керемет жобалар жасауға болатынын дәлелдеген жастардың қолында!
сол жағалаудағы «Қайсар-арена» стадионы аумағында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Береке бастауы – әз Наурыз» атты мәдени-көпшілік шара өтті.
Көктің тынысын тыңдаған, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін Табиғат-анамен тығыз байланыстырған ата-бабаларымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы деп есептеген. Уақытпен бірге жаңарған Қызылорда қаласының сән-салтанаты Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бұрынғыдан да арта түскендей. Қала көшелері Наурыз мерекесінің айшықты көріністерімен, ұлттық нақыштармен безендірілген.
Кейінгі күндері ызғардың да беті қайтып, күн шуағын молынан төкті. Көктемнің жаңаруымен үндескен қала келбеті ерекше құлпырып, мерекелік көңіл-күйді сезіндірді. Жаңа стадион алаңына 60-қа жуық киіз үй тігіліп, береке мен бірліктің нышанындай ақ дастархан жайылды.
Аймақ басшысы жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, Сыр өңірінің даму жолындағы жаңашылдықтар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтайда: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп, аймағымыздың барлық саладағы қарқынын ерекше атап өтті, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Тарихи миссиясы маңызды жиында Мемлекет басшымыз Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталғанын, 400, 500 орындық емханалар, 200 орындық перзентхана мен жаңа драма театр, заманауи Президенттік кітапхана құрылысы басталатынын жариялады. Республикалық, халықарлық маңызы бар жаңа автомобиль жолдарының құрылысы туралы айтты.
Жақында ғана «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңін бастадық. «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы да биыл қолға алынады.
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы тәуелсіз елімізге, туған жерімізге толайым табыстармен, жаңалықтармен келсін!
Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың болашағы баянды болсын! Егініміз бітік шығып, қамбамыз астыққа толсын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, құт дарысын», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Наурыз мерекесіне орай тігілген киіз үйлер алдында көрмелер мен салт-дәстүр қойылымдары қойылды. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай 35 баланың тұсауын, айдарын кесу рәсімдері өткізіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов құттықтау сөз сөйлеп, көпшілікке ізгі тілегін жеткізді.
Мереке отандық эстрада жұлдыздарының және жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.
Алматыда Наурыз мерекесіне орай «Nauryz Sale» ауқымды мерекелік акциясы өтті. 2026 жылы 13–23 наурыз аралығында қала тұрғындары мен қонақтары мегаполистің ірі сауда орындарында 10%-дан 30%-ға дейінгі жеңілдікпен азық-түлік пен түрлі тауарларды сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Науқан аясындағы іс-шараларға 500 мыңнан астам адам қатысып, мыңдаған алматылық пен қала қонағы қамтылды.
Бастамаға Magnum, Small, Toi Mart, «Столичный», «Юбилейный» сияқты ірі сауда желілері, сондай-ақ Алматыдағы жетекші сауда ойын-сауық орталықтары — Forum Almaty, Globus, Mega Park, Aport, Almaty Mall, Dostyk Plaza, Moskva, Mart, Sputnik Mall және Maxima қосылды.
Науқан отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы дамытуға және ел бойынша мерекелік көңіл күй қалыптастыруға бағытталған республикалық бағдарлама аясында жүзеге асырылды.
Ақпараттық сүйемелдеу шеңберінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 50-ден астам жарияланым шығып, сауда нысандарындағы 35 LED-экранда акцияға қатысты материалдар көрсетілді.
«Nauryz Sale» акциясы тұтынушылық белсенділіктің артуына ықпал етті: азық-түлік сегментінде тауар айналымы 10–15%-ға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар сегментінде 7–8%-ға өсті.
Акция қала тұрғындары тарапынан оң бағасын алды. Алматылықтар жеңілдіктің тиімділігін атап өтіп, мерекеге дайындық кезінде айтарлықтай үнемдеу мүмкіндігі болғанын жеткізді. Сондай-ақ мұндай бастамаларды жиі өткізуге қызығушылық білдірді.
Сауда ойын-сауық орталықтарында ұйымдастырылған мәдени-ойын-сауық бағдарламалар мерекелік атмосфераны одан әрі жандандыра түсті. Қонақтар тақырыптық жәрмеңкелерге, концерттерге, ұлттық фотоаймақтарға, интерактивті алаңдарға және шебер сабақтарына қатысып, балалар мен ересектерге арналған түрлі ойын-сауықтарға тартылды. Негізгі іс-шаралар 20–23 наурыз аралығында өтті.