2025 жылы ШҚО бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бойынша өнімдерді бақылау мақсатында сатып алуға 3 800 000 теңге жоспарланып, аталған қаражат толықтай игерілді, бұл 100 % құрайды. Бөлінген қаражат аясында барлығы 901 өнім сынамасы сатып алынды, оның ішінде 564-і азық-түлік өнімі, 337-сі азық-түлік емес тауарлар.
Бақылау мақсатында сатып алу кезінде негізгі назар Қазақстан Республикасының аумағына шет елдерден әкелінетін өнімдерге аударылды. Отандық өндірушілер өнімдерінің үлесі 18,7 %, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің өнімдері – 46,8 %, басқа мемлекеттерден әкелінетін өнімдер – 34,4 % құрады. Халық денсаулығына төнетін қауіп-қатерді бағалауды ескере отырып, бақылау мақсатында сатып алумен 32 тауарлық позиция қамтылды, оның ішінде 21-і азық-түлік өнімі, 11-і азық-түлік емес тауарлар.
Сатып алынған өнімдердің ең көп үлесі төмендегідей бөлінді:
азық-түлік өнімдері бойынша: жемістер мен көкөністер – 57 сынама (10,1 %), ет өнімдері – 55 сынама (9,7 %), сүт өнімдері – 54 сынама (9,5 %), май-тоңмай өнімдері – 49 сынама (8,6 %), балық және өзге өнімдер – 49 сынама (8,6 %), шұжық өнімдері – 45 сынама (7,9 %), құс еті – 43 сынама (7,6 %), ұн-жарма өнімдері – 33 сынама (5,8 %), кондитерлік өнімдер – 46 сынама (5,1 %), алкогольсіз сусындар – 29 сынама (5,1 %).
Халық тұтынатын тауарлар бойынша: балаларға арналған тауарлар – 85 сынама (25,2 %), парфюмерлік-косметикалық өнімдер – 36 сынама (10,6 %), киім мен аяқ киім – 33 сынама (9,7 %), қаптама – 27 сынама (8 %), жеке гигиена құралдары – 25 сынама (7,4 %), тұрмыстық химия – 22 сынама (6,5 %).
Зерттеу нәтижелері бойынша зерттелген өнімдер мен тауарлардың 23,8 %-ы (216 сынама) техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеді. Оның ішінде азық-түлік өнімдері – 39 % (85 сынама), азық-түлік емес тауарлар – 61 % (131 сынама). Сәйкессіздіктер келесі көрсеткіштер бойынша анықталды: таңбалау бойынша – 206 сынама, микробиологиялық көрсеткіштер бойынша – 1 сынама (май-тоңмай өнімі), физика-химиялық көрсеткіштер бойынша – 4 сынама (май-тоңмай өнімі), тұтынушыны алдау фактілері – 14 сынама, физика-гигиеналық көрсеткіш бойынша (киімнің гигроскопиялығы) – 4 сынама, санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша – 1 сынама.
Сәйкессіз өнімдердің ішінде Қазақстан Республикасының өндірушілеріне 8 %, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне – 24 %, басқа мемлекеттерден әкелінген өнімдерге – 68 % тиесілі. Жүргізілген талдау азық-түлік өнімдері арасында (85 сынама) сәйкессіздіктің ең жоғары үлесі балық өнімдеріне – 14,1 %, сүт өнімдеріне – 12,9 %, май-тоңмай өнімдеріне – 11,8 %, ет өнімдеріне – 4,7 %, ұн-жарма өнімдері мен кондитерлік бұйымдарға – әрқайсысы 7,1 %, аспаздық өнімдерге – 1,2 % тиесілі екенін көрсетті.
Азық-түлік емес тауарлар арасында (131 сынама) сәйкессіздіктің ең жоғары үлесі ойыншықтарға – 40,5 %, жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне – 36,6 %, балалар мен жасөспірімдерге арналған киімге – 13 %, тағам өнімдерімен жанасуға арналған бұйымдарға – 8,4 %, парфюмерлік-косметикалық өнімдерге – 6,1 %, баспа әдебиетіне – 2,3 %, жеке қорғаныс құралдарына – 3,4 %, балалар мен жасөспірімдерге арналған тауарларға – 1,5 %, жеке гигиена құралдарына – 0,8 % тиесілі.
Анықталған бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін өнімдерді (тауарларды) сату айналымынан алып қою туралы жедел әрекет ету шараларын қолдану жөнінде 106 қаулы шығарылды.
Қаулыларды орындау барысында кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 151,25 кг өнім сату айналымынан алынды, оның ішінде азық-түлік өнімдері – 125,85 кг, азық-түлік емес тауарлар – 25,4 кг. Бақылау мақсатында сатып алу нәтижелері бойынша 69 тергеп-тексеру жүргізілді.
Техникалық реттеу және метрологиялық бақылау Комитеті ШҚО бойынша Департаментіне техникалық реттеу саласындағы заңнама талаптарының бұзылғанын растайтын 6 ақпараттық материал жолданып, Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерге қатысты сәйкестікті растайтын құжаттары қолданысын тоқтата тұру немесе күшін жою туралы шешім қабылдау ұсынылды. Қарау нәтижесінде азық-түлік өнімдері бойынша 5 декларацияның қолданысы (шәй, алкогольсіз сусын) тоқтатылды.