Жаз ортасынан бастап Қазақстанда қауын-қарбыз, асқабақ сияқты бақша дақылдарының маусымы басталады. Алайда, осы уақытта өнімді өсіру, тасымалдау, сату және сақтау кезінде санитариялық талаптар сақталмаса, тағамнан улану мен ішек инфекцияларының қаупі артады.
Шығыс Қазақстан облысында қауын-қарбыз маусымы әдетте жаздың соңында, тамыз айында басталып, қыркүйек-қазан айларына дейін созылады. Осы уақытта базарлар мен дүкендерде ең піскен және тәтті қауын мен қарбыз пайда болады. Ал маусым мен шілде айларында сатылатын ерте шыққан қауын-қарбыз көбінесе басқа аймақтардан немесе елдерден әкелінеді және олардың дәмі мен сапасы тамыз айындағыдай болмайды.
Сапалы қауын мен қарбызды таңдау үшін табиғи жағдайда піскен және маусымға сәйкес өнімге басымдық берген жөн. Қарбыздың салмағы 7-9 кг аралығында болғаны дұрыс. Сондай-ақ жемістің сыртқы түріне назар аударыңыз: ашық түсті болуы, сабағының құрғауы және піскен жеміске тән ерекше өрнегі болуы тиіс.Ең дәмді және піскен қауын мен қарбызды тамыз айынан бастап күздің басына дейін сатып алған дұрыс.
Сапасыз немесе дұрыс сақталмаған қауын-қарбызды тұтыну:
• Нитраттармен улану сияқты өткір тағамдық улануларға;
• Ішек инфекциялары (дизентерия, сальмонеллез және т.б.);
• Балалар мен қарт адамдарда улану жағдайларына;
• Жемістің ластанған беті арқылы жұқпалардың таралуына әкелуі мүмкін.