«Шығыс Қазақстан облысы аумағында карантиндік шараларды ұзарту туралы» Шығыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №7 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Шығыс Қазақстан облысы аумағында одан әрі қолданылатын шаралар туралы № 9 ҚАУЛЫ

«Шығыс Қазақстан облысы аумағында карантиндік шараларды ұзарту туралы» Шығыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №7 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу  және Шығыс Қазақстан облысы аумағында одан әрі қолданылатын шаралар туралы

№ 9

ҚАУЛЫ

 

 

2020 жылғы 14 мамыр                                                                   Өскемен қаласы

 

 

Мен, Шығыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Г.Ж. Тагаева, құжаттарды:

«Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық  инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы                        10  мамырдағы  №36 қаулысын (бұдан әрі - №36 қаулы),

Қазақстан Республикасында, Шығыс Қазақстан облысында және Ресей Федерациясында COVID-19 туындаған коронавирустық инфекция бойынша санитариялық-эпидемиологиялық ахуалдың жедел мәліметтерін қарап,

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 21-бабы 13-тармағы 4) тармақшасының негізінде»,

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

Семей қаласын қоспағанда, облыстың аудандары мен қалаларының аумағында 2020 жылғы 16 мамырдан бастап санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып, келесі кәсіпкерлік объектілердің жұмысына қатысты карантинді жеңілдетуге кезең-кезеңмен көшуге рұқсат етілсін:

1) ауданы 500 м2 -ден 2000 м2  дейінгі азық-түлік тауарларын сатпайтын көтерме, көтерме-бөлшек және бөлшек сауда объектілері;

 

2) кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, тек ашық алаңдарда қоғамдық тамақтану объектілері (мейрамханалар, кофеханалар, дәмханалар, банкет залдары, асханалар, дөнер дәмханалары, барлар).

Кейіннен жұмыс режиміне көшу Шығыс Қазақстан облысы аумағында коронавирустық инфекцияның таралуы және оның таралу қарқыны бойынша эпидемиологиялық ахуалға байланысты Шығыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қосымша қаулысымен регламенттелетін болады.

  1. Семей қаласын қоспағанда, аудандар мен қалалардың әкімдіктері 2020 жылғы 16 мамырдан бастап:

         1) кіруді/шығуды бақылау үшін аудандар мен қалалардың сыртқы шекараларындағы блокпосттардың жұмысын қамтамасыз етсін.

Сыртқы блокпосттардың жұмыс істеу тәртібі мен мерзімдері COVID-19 коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға сәйкес өзгертілуі мүмкін;

2) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді міндетті түрде сақтай отырып, аудандар мен қалалардың сыртқы блокпосттарында қызыл немесе көк түсті арнайы рұқсаттамалар бойынша көліктің кіруіне/шығуына рұқсат берілсін.

Қызыл түсті рұқсаттама қаланың, ауданның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету бойынша қызметтік міндеттерін атқаратын адамдардың жүріп-тұруына арналған.

Көк түсті рұқсаттама қаланың, ауданның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорындарға және жол немесе бағыт парағы болған жағдайда өнеркәсіп кәсіпорындарына қызмет көрсететін кәсіпорындар мен заңды тұлғаларға арналған.

3) арнайы рұқсаттамасыз аудандар мен қалалардың сыртқы блокпосттары арқылы кіруге/шығуға мыналарға рұқсат берілсін:

- халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері;

- медициналық көрсеткіштер бойынша кіретін /шығатын адамдар;

- стационарларда емделуде, карантиндік және провизорлық стационарларда бақылауда болған адамдар;

- жүктерді транзиттік автотасымалдаушылар;

- вахталық қызметкерлерді тасымалдайтын көлік құралдары;

- растайтын құжаттарды (мемлекеттік тіркеу куәлігін (шаруа қожалығы, фермерлік шаруашылық, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші, кредиттік серіктестік және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын), жеке куәлікті, сондай-ақ жұмыскерлер үшін жұмыс орнынан анықтаманы (мөрмен куәландырылған еркін үлгідегі анықтама) ұсынған кезде көктемгі егіс жұмыстарын, табиғатты қорғау, ветеринариялық, ауыл шаруашылығы іс-шараларын жүргізуге тартылған көліктер мен адамдар;

- тұрақты тұратын жеріне қайтып келген адамдар.

Осы қаулыны қоспағанда, адамдардың жекелеген санаттарына аудандар мен қалалардың сыртқы блокпосттары арқылы шығуына және кіруіне рұқсат жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша берілуі мүмкін.

COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралу жағдайы өзгерген кезде өткізу режимі өзгертілуі мүмкін;

4) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, қоғамдық көліктің жұмысы қайта басталсын;

5) халықтың жаяу жүруі және жеке автомобиль көлігінің уақыт, апта күндері (жұп және тақ) және аудандар мен қалалар аумағының ішінде рұқсаттамалармен жүруі бойынша барлық шектеулердің күші жойылсын.

Саяжай учаскесіне құқық белгілейтін құжаттарды ұсынған кезде аудандар мен қалалардың аумақтарынан тыс орналасқан саяжайларға шығуға рұқсат етілсін;

6) қызметін қайта бастауға жататын кәсіпкерлік субъектілерінің бизнес объектілерінің жұмыс режимін және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтауына мобилді топтармен мониторинг және іріктеп тексеру жүргізілсін;

7) халықтың елді мекендерде, саяжай алаптарында және қоғамдық көлікте жүріп-тұруы кезінде маскалық режимді және әлеуметтік қашықтықты сақтауы қамтамасыз етілсін.

  1. Күршім, Катонқарағай, Көкпекті, Зайсан, Алтай аудандарында және Риддер қаласында COVID-19 коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық жағдайының тіркелмегендігін, сондай-ақ эпидемиологиялық қолайсыз Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстарымен, Семей қаласымен (ШҚО) және Ресей Федерациясының өңірлерімен шектеспейтіндігін ескере отырып, 2020 жылғы 16 мамырдан бастап күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, келесі кәсіпкерлік объектілерінің жұмысы қайта басталсын:

1) білім беру орталықтары, үйірмелер, артклубтар, балалардың бос уақытын өткізу орындары, барлық меншік нысанындағы балабақшалар және т. б.;

2) ойын-сауық объектілері (интернет-клубтар, букмекерлік, бильярд, караоке, PS-клубтар, квесттер, антикафелер, боулинг-орталықтары, түнгі клубтар, барлар, кальян шегу орындары және т. б.);

3) автобазарлар;

4) әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, қоғамдық тамақтану объектілері;

5) азық-түлік сатпайтын және әмбебап базарлар (ғимараттардан тыс);

6) спорт объектілері (30 адамға дейінгі топтар үшін оқу-жаттығу процесін жүргізу);

7) мәдениет объектілері (жеке және 30 адамға дейінгі топтық дайындық);

8) санитариялық нормаларды сақтай отырып, жалпы пайдалы алаңның 30% - ынан артық толмаған кезде діни ғибадат объектілері;

9) халыққа қызмет көрсету объектілері: баспаханалық қызметтер, тігін ательелері, аяқ киім шеберханалары, аяқ киім, киім жөндеу бойынша сервистер және жиналуды, ұзақ және тығыз байланысты болдырмайтын өзге де объектілер;

және төтенше жағдай мен карантинге байланысты шектеулер кезеңінде қызметі уақытша тоқтатылған шағын және орта бизнестің басқа да объектілері.

  1. Жұмыс режиміне көшуге жататын кәсіпорындар мен кәсіпкерлік субъектілері үшін санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормалары осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес бекітілсін.
  2. Қызметін қайта бастауға рұқсат етілген кәсіпкерлік субъектілері осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес міндетті санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларының сақталуын қамтамасыз етсін.
  3. Аудандық, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармалары:

1) кәсіпкерлік субъектілерінің міндетті санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтауын бақылауды қамтамасыз етсін;

2) бизнес объектілерінде міндетті санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормалары сақталмаған жағдайда кәсіпкерлік субъектілеріне шаралар қолдансын;

3) COVІD-19 туындаған коронавирустық инфекцияның таралуының профилактикасы және алдын алу бойынша санитариялық-ағарту және түсіндіру жұмыстарын, оның ішінде жадынамалар таратуды жүргізсін.

  1. «Шығыс Қазақстан облысының аумағында карантиндік шараларды ұзарту туралы» Шығыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 7 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

4-тармақтың 1) тармақшасына:

жетінші абзац келесі редакцияда жазылсын:

«2020 жылғы 16 мамырдан бастап:».

  1. Қаулы меншік нысанына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.
  2. Осы қаулы барлық мүдделі ведомстволар назарына жеткізілсін, халық БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы хабардар етілсін.
  3. Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
  4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және оның ресми күші жойылғанға дейін қолданылады.

 

 

М. О.

Шығыс Қазақстан облысының

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері  __________________     Г. Тагаева

Дата публикации
14 мая 2020