
Ботулизм - бұл науқастың жүйке жүйесін қатты зақымдайтын, қоздырғышы Clostridium botulinum болып табылатын, ботулизм уытымен ластанған тағамдарды тұтыну салдарынан пайда болатын тамақтан улану болып табылады. Қоздырғыштар тұрақты мекендейтін орта топырақ болып табылады, кейін олар саңырауқұлақтарға, балғын жемістерге, көкөністерге, суға түседі.

Бұл микробтар оттегі жоқ ортада жақсы дамиды, яғни герметикалық тығындалған банкаларда, тиісті түрде ысталмаған тауық, балық етінде кездесуі мүмкін. Консистенциясы қою тағамда уыт ұяшықтанған қалыпта болады, сондықтан мұндай өнімді тұтынған адамдардың бірі ауырып, біреулері ауырмауы мүмкін. Консервілердің көпшілігі ботулизм таяқшаларының өсіп, дамуына қолайлы орта болып табылады. Атап айтқанда, кәді мен баялды уылдырығы, консервіленген саңырауқұлақтар, көкөністер, ет консервілері жатады. Ботулизм таяқшалары шығаратын уыт әсер ету күші бойынша барлық басқа бактериялық уыттар мен химиялық улардан асып түседі, 10-15 минут қайнатқан кезде жойылады.

Ботулизмнің инкубациялық кезеңі 6-8 сағатты құрайды, бірақ 8 - 10 күнге созылуы мүмкін! Көп жағдайда ботулизм жедел басталады. Әлсіздену, бұлшықет әлсіздігі, бас айналу, бас ауруы, ауыздың құрғауы пайда болады, осы белгілер аясында неврологиялық симптомдар айқын көріне бастайды. Бастапқы кезеңде жүрек айнуы, құсу, кейде іштің қатты қысылып ауруы орын алуы мүмкін. Бастапқы екі тәулікте көру қабілеті бұзылады: көз алдында перде немесе тор тұрады, көз алмасының дірілдеуі, қабақтың түсуі, көзге қос көріну пайда болады. Дауыс әлсірейді, жұту және тыныс алу қиынға соғады. Ауру ауыр түрде болса, тыныс алудың айқын бұзылуы пайда болады. Ботулизмге шалдыққан адамдар көп жағдайда тыныс алудың бұзылуы мен тоқтауынан көз жұмады. Бұл аурудан айығудың жалғыз жолы - ботулинге қарсы сарысу болып табылады.

Ботулизмнің негізгі алдын алу шаралары:
- тек өнеркәсіптік жолмен дайындалған консервілерді қолдану;
- үйде саңырауқұлақтарды, етті, балықты, шөптерді консервілемеген жөн;
- консервілеуге тек жаңа піскен жемістер мен көкөністерді пайдалану керек, бүлінген көкөністерді, жидектерді, саңырауқұлақтарды консервілеуге болмайды;
- көкөністер мен жемістерді мұқият жуу керек, егер олардың беті топырақпен ластанған болса, жуған кезде щетканы қолданыңыз;
- ауланған балықтың ішін тез арада аршып тазарту қажет, ағынды сумен шайып, суық жерде сақтау керек;
- банкаларды, қақпақтарды зарарсыздандыру ережелерін және үйде өнімдерді термиялық өңдеу режимін қатаң сақтау керек;
- үйдегі консервілерді төмен температурада сақтаңыз, қампайған (ісінген) банкаларды алып тастаңыз және жойыңыз;
- базарлардан (қолдан) үйде дайындалған қақпағы жабылған банкалардағы консервіленген саңырауқұлақтарды немесе көкөністерді сатып алуға тыйым салынады.

Жоғарыда аталған шараларды ұстанған жағдайда, Сіз өзіңізді және отбасыңызды бұл қауіпті аурудан сақтайсыз.